«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) дерегінше 2025 жылғы қазанда Қазақстан аумағындағы ресми дилерлер 20 205 жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатты. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда 10,1% жоғары, бірақ былтырғы қазанмен салыстырғанда 6% төмен көрсеткіш. Жалпы он айда 181 789 автомобиль сатылды (+14,6%).
Күздің ортасында әдеттегідей Hyundai көш бастады – 4 264 көлік (былтырғы қазанмен салыстырғанда +44,6%). Chevrolet екінші орында (2 802; -55,3%), Kia үшінші орынға жайғасты (1 901; -21,2%). Бұл жолы Changan (1 463; +136,7%) мен Jetour (1 283; +41,5%) едәуір жақсы нәтиже көрсетті. Одан бөлек, тізімде Chery(1 183; -14,6%), Toyota (1 138; -3,2%), Haval (1 026; -22,8%), Jac (808; -17,6%) және Geely (656; +0,6%) бар.
Ең танымал 10 модель арасында сегіз ай қатарынан Chevrolet Cobalt (1 889), Hyundai Tucson (1 726) және Kia Sportage (876 кроссовер) ешкімге дес бермей келеді. Төртінші орынға Chevrolet Onix (838) көтерілсе, бесінші орында Changan CS55 Plus (774) тұр. Үздіктер қатарына тағы Hyundai Elantra (678), Hyundai Mufasa (636), Toyota Camry (573), Hyundai Santa Fe (510) және Haval M6 (441) қосылды.
Он ай қорытындысы бойынша брендтер рейтингінде Hyundai (39 959; +17,2%) бірінші орында. Екінші орын 25 709 автомобиль сатқан Chevrolet-ке тиесілі (+16,6%), ал Kia 19 491 көлік сатып (+0,1%), алғашқы үштікті түйіндеді. Төртінші орынға Jetour жайғасты – дилерлер 11 686 кроссовердің кілтін тапсырды (+57,1%). Chery 11 395 көлік сатып, бестікті түйіндеді (-4,7%). Алтыншы орынға Haval (9 333; +13,5%) тұрақтады. Сонымен қатар тізімде Changan (9 125; +35,5%), Toyota (8 823; +2,8%), Geely (8 192; +30,9%) және Jac (8 190; -9,9%) бар.
