Қазақстандағы ипотека нарығы биыл алғашқы жартыжылдықта айтарлықтай жанданды. Қаржыгерлер қауымдастығының зерттеуіне сәйкес, жаңа ипотекалық қарыздар көлемі қаңтар–маусым аралығында 1 трлн теңгеге жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 24,9% өскен. Алайда, бұл серпінді толығымен льготалық бағдарламалар, әсіресе Отбасы банкінің белсенділігі қамтамасыз еткен.
Нарықтағы негізгі ойыншы – Отбасы банк
Отбасы банкінің ипотекалық портфелі бір жылда 48% өсіп, 690,2 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде, оның үлесі нарықтағы жаңа берілген қарыздардың 69%-ын құрады (былтыр – 58%). Ал екінші деңгейлі банктердің үлесі керісінше, 31%-ға дейін төмендеді.
Сарапшылардың айтуынша, бұл құбылыс ипотеканың нарыққа емес, мемлекеттік қолдауға тәуелді екенін көрсетеді.
Ставкалар мен қолжетімділік
Орташа пайыздық мөлшерлеме 9,4%-ға дейін түсті. Бұл базалық мөлшерлемеден (16,5%) әлдеқайда төмен және ипотеканың іс жүзінде теріс нақты ставкамен беріліп жатқанын аңғартады. Жалақының 11,3% өсуі аясында қарыз жүктемесі де жеңілдеген: ай сайынғы төлемнің жалақыға қатынасы 35,4%-дан 32,7%-ға дейін төмендеді.
Алайда, оң факторларға қарамастан, банктердің ипотеканы мақұлдау үлесі былтырғы 37%-дан 26%-ға дейін түсіп кетті.
Тұрғын үй бағасы және сұраныс
Жаңа үйлер бір жылда 9,6%, екінші нарықтағы баспана 7,3% қымбаттады. Бұл фактор ірі қарыздарға сұранысты арттырып, қарыз алушылардың орташа сомасы 11,4 млн теңгеге жетті.
Жылжымайтын мүлік нарығында зейнетақы қорынан аударылған қаражат ерекше рөл ойнады – алғашқы жартыжылдықта 782,9 млрд теңге бағытталған (+71% ж/ж). Бұл тұрғын үйге деген сұранысты ұстап тұрса да, бағалардың әрі қарай өсуіне ықпал етті.
Портфель сапасы
Жалпы нарықтағы мерзімі өткен ипотекалар үлесі төмен күйінде қалып отыр (0,4%). Дегенмен, Отбасы банкінде бұл көрсеткіш 1,7%-дан 2,2%-ға көтерілді. Сарапшылар мұны банктің жаппай сегментпен жұмыс істеуімен және проблемалық қарыздарды коллекторларға сатуға тыйыммен байланыстырады.