Еліміздің жетекші инвестициялық компанияларының бірі BCC Invest шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамытуды қолдауға бағытталған «KASE SME Qadam Bonds» – жаңа KASE бағдарламасының қаржылық кеңесшісі болды.
Биыл қаңтар айынан бастап «KASE SME Qadam Bonds» бағдарламасы басталды, оған «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) бастама көтерді. Бағдарламаның мақсаты – нақты экономика секторында жұмыс істейтін ШОБ компаниялары үшін неғұрлым қысқа мерзімде және аз шығынмен облигациялар шығару арқылы кәсіби инвесторлар нарығында қаржыландыру тарту.
Осы Бағдарлама аясында жүк тасымалына маманданған «Rokos Logistics» компаниясы бірінші эмитент болды.
3 ақпанда компанияның облигациялары KASE-нің ресми тізіміне 800 миллион теңге сомасында айналыс мерзімі үш жыл болатын облигациялармен енгізілді. Сонымен бұл шығарылым Бағдарлама аясында дебюттік шығарылым болды.
«Біз үшін осы бастама аясында қаржылық кеңесші болу зор мәртебе. ШОБ секторы белсенді дамып келеді және кәсіби қолдауды қажет етеді. Біз Қазақстанның логистика нарығының болашағы зор ойыншысы Rokos Logistiks компаниясының облигациялар шығарылымын сүйемелдеуге қуаныштымыз», – дейді BCC Invest корпоративтік бизнес жөніндегі басқарушы директоры Аманат Ысқақов.
KASE SME Qadam Bonds бағдарламасы шағын және орта бизнес субъектілерінің нарықтық қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама аясында компаниялар оңтайландырылған шығыны және жеңілдетілген шығу рәсімдері бар қор нарығына кепілдіксіз қаражат тарту мүмкіндігіне ие болады. Облигациялар KASE алаңында жеңілдікті шарттармен орналастырылады, бұл ШОБ-тың инвестициялық тартымдылығын және ашықтығын арттыруға және корпоративтік қарыз алу нарығын дамытуға ықпал етеді.
«KASE SME Qadam Bonds» бағдарламасы шағын және орта бизнеске қор нарығына қолжетімділік беру мақсатында құрылған. Бірінші шығарылым – көлік қызметі саласында жұмыс істейтін өңірден келген орта кәсіпкерлік субъектісінің облигациялары оның жұмыс істейтінін көрсетеді. Осылайша, нарық ШОБ үшін түсінікті әрі қолжетімді құралға айналады.
Біз биржаға шығу үрдісін жеңілдеттік және компаниялар үшін шығынды азайттық. Бұл банктік кредиттеуді толықтырып, бизнеске қаржыландыру тартудың тағы бір жолын береді. Компаниялар үшін бұл – тек капитал алу ғана емес, сонымен қатар одан әрі өсу үшін ашық кредиттік тарихты қалыптастыру мүмкіндігі», – дейді KASE Басқарма Төрағасы Әділ Мұхамеджанов.
Бағдарлама үш жылға есептелген. Экономиканың нақты секторында өз қызметін жүргізетін шағын және орта бизнеске жататын компаниялар Бағдарламаға қатысуға жіберіледі. Қаржыландыру мерзімі – нарықтық шарттар бойынша үш жылға дейін.
«Біз шағын және орта бизнес компанияларын осы Бағдарламаға қатысуға және өз бизнесін дамыту үшін қаржыландыруды тарту мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз. Экономиканың нақты секторын қолдау аясында біз ШОБ компанияларына қор нарығына қаржыландыруды жылдам, ашық әрі түсінікті форматта тартуға мүмкіндік беретін Бағдарлама жасап шығарғанымызға қуаныштымыз. Біздің компаниямыз іске асырудың барлық кезеңінде Бағдарламаға қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетуге әрдайым дайын», – деп атап өтті BCC Invest Басқарма Төрағасының орынбасары Әлібек Оразақов.