2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 21,3% өсуі есебінен 70,8 трлн теңгеге дейін 15,0% ұлғайды (2025 жылғы желтоқсанда 3,6% өскен). Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің банк секторының жай-күйі туралы есебінде айтылған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 20,5 трлн теңгені немесе активтердің 28,9%-ын құрады, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банк секторының міндеттемелері 2025 жылы 14,3%, 60,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылғы желтоқсанда 3,9% өскен). Банк секторының міндеттемелері құрылымындағы негізгі үлес – 80,9% немесе 48,7 трлн теңге клиенттердің салымдарына тиесілі.

Банктердің меншікті капиталы 2025 жылы 19,2%, 10,6 трлн теңгеге дейін негізінен өткен жылдардағы бөлінбеген таза пайда есебінен ұлғайды (2025 жылғы желтоқсанда 1,7% өскен). 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,6%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 20,8%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 2,7 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,7% артық. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 4,2%-ды (2025 жылғы 1 қаңтарда – 4,3%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 28,4%-ды (2025 жылғы 1 қаңтарда – 30,3%) құрады.