Қазақстандық банктер 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында 1,86 трлн теңге таза пайда тапты. Оның ішінде тек тамыз айының өзінде 223 млрд теңге көлемінде табыс тіркелді. Бұл деректерді Ұлттық банк жариялады.

Үздік бес банк

Тамыз айында таза пайда бойынша алғашқы бестік өзгеріссіз қалды. ForteBank 11,9 млрд теңге табыспен Alatau City Bank-тен озып, төртінші орынға қайта көтерілді.

Басты ойыншылардың нәтижесі:

Halyk Bank – 78,9 млрд теңге (жыл басынан бері 652 млрд);

Kaspi Bank – 53 млрд (372,4 млрд);

Банк ЦентрКредит (БЦК) – 19,9 млрд (180 млрд);

ForteBank – 11,95 млрд (121 млрд);

Alatau City Bank – 10,8 млрд (126,6 млрд).

Сарапшылардың айтуынша, БЦК тамызда ең жылдам өсім көрсетті: шілдемен салыстырғанда табысы +16,7% артты.

Жаңа ойыншылар және күтпеген нәтижелер

Алғашқы бестікке кірмесе де, Bank RBK айтарлықтай серпіліс жасап, 6 млрд теңге пайда тапты (жыл басынан 46,9 млрд). Freedom Bank те айлық табысы 5,5 млрд теңгеге жетіп, жылдық шығынын 20,5 млрд теңгеге дейін азайтты.

Сонымен қатар Bank of China Kazakhstan – +3,8 млрд теңге; Еуразиялық банк – +3,7 млрд; Home Credit Bank – +3,5 млрд теңге пайда тапты.

Шығындар

Қаржы нарығындағы ірі ойыншылардың бірі, актив көлемі бойынша төртінші орында тұрған Отбасы банк төмен нәтиже көрсетті: тамыздағы пайдасы небәрі 1,8 млрд теңге (шілдеде – 10,7 млрд) болды.

Ал кейбір банктер айды шығынмен жапты. Микроқаржы ұйымы негізінде қайта құрылған BNK Commercial Bank – минус 290 млн теңге, ал исламдық Заман Банк – минус 378,5 млн теңге шығынға батты.