Қазақстан Ұлттық банкі экономикадағы артық өтімділікті қысқарту үшін 3,7 трлн теңгеге жуық қаражатты нарықтан шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме жөніндегі брифингте мәлімдеді.
«Толық іске асқан жағдайда, банктердің міндетті резервтері есебінен экономикалық жүйеден шамамен 3,7 трлн теңге алынады», — деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, аралық кезеңде қабылданған талаптардың өзі экономикадағы артық ақша көлемін 7,7 трлн теңгеден 5,5 трлн теңгеге дейін, яғни 2,2 трлн теңгеге қысқартқан.
Банктер табысынан айырылуы мүмкін
Төраға бұл шешімді банктер оң қабылдай қоймайтынын айтты, себебі міндетті резерв нормасының жоғарылауы олардың табысын азайтады.
«Біз банктердің Ұлттық банктегі резервтеріне пайыз төлемейміз. Сондықтан бұл шара банк секторының кірісін шамамен 450–500 млрд теңгеге қысқартады», — деді ол.
Дегенмен, Сүлейменовтің айтуынша, банктердің табыстылығы әлі де жоғары — сектордағы меншікті капиталдың рентабельділігі (ROE) 30,9% деңгейінде.
«Сондықтан банктер үшін бұл сындарлы, бірақ ауыр шешім емес. Жалпы жағдай әлі де тұрақты», — деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.
Резерв нормалары халықаралық деңгейге көтеріледі
Сүлейменовтің сөзінше, Қазақстанда резервтік талаптар ұзақ жылдар бойы тым төмен болған — бар болғаны 0–2% аралығында. Салыстыру үшін айтсақ, аймақтағы басқа елдерде бұл көрсеткіш 15%-ға дейін жетеді.
Ұлттық банк бұл шешім артық ақша массасын азайтып, инфляцияны тежеуге бағытталғанын атап өтті.
«Мұндай шаралар — ақша-несие саясатының стандартты құралы. Ол баға тұрақтылығын сақтауға және нарықтағы ақшаның шамадан тыс өсуін шектеуге мүмкіндік береді», — деді Сүлейменов.