Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінде «Рейтинг қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейтинг қызметі мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды. Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Дания Еспаева республикаға сапалы, объективті, ең бастысы, қолжетімді рейтингтік қызметтерді қамтамасыз ету үшін несиелік рейтинг агенттіктерінің ішкі нарығын дамыту қажет екенін атап өтті.
«Реттеушінің міндеті – несиелік рейтингтердің күшті ұлттық жүйесін құру және сыртқы ойыншыларға тәуелділікті азайту. Қазақстанның қаржы нарығын ашық әрі өз-өзіне жеткілікті ете отырып, инвесторлардың сенімін сақтауымыз керек», – деді ол.
Оның пікірінше, рейтинг агенттіктері халықаралық ойыншылармен тең дәрежеде жұмыс істей алуы үшін оларға жеткілікті өкілеттіктер беру қажет. Ол жаңа заң Қаржы нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда қаржы секторының негізгі инфрақұрылымы қалыптасып үлгерген және тұрақты жұмыс істеп тұр: несие ұйымдары, қор биржалары, орталық депозитарий мен несие бюролары бар. Дегенмен, ұзақ уақыт бойы шешілмей келген мәселенің бірі — елімізде меншікті рейтинг агенттіктерінің болмауы.
«Бүгінде Қазақстан нарығына негізінен ірі халықаралық рейтинг агенттіктері қызмет көрсетеді. Бірақ Қазақстандағы барлық қаржы ұйымдарының халықаралық агенттіктерді тартуға мүмкіндігі жоқ, өйткені олардың қызметі тым қымбат», — деді Еспаева. Оның сөзінше, ұлттық рейтинг агенттігін құру — соңғы екі жыл бойы жүргізіліп келе жатқан қаржы нарығын дамыту жөніндегі кешенді жұмыстың қисынды жалғасы болмақ.
«Нарықты сапалы, объективті және ең бастысы қолжетімді рейтингтік қызметтермен қамтамасыз ету үшін ішкі несиелік рейтинг агенттіктері нарығын дамытуымыз керек. Реттеушінің міндеті — инвесторлардың сенімін сақтай отырып, Қазақстанның қаржы нарығын неғұрлым дербес әрі ашық ету, несиелік рейтингтердің мықты ұлттық жүйесін құру және сыртқы ойыншыларға тәуелділікті азайту», — деді Дания Еспаева.
Мәжіліс депутаттары рейтинг агенттіктері халықаралық ойыншылармен тең дәрежеде бәсекелесе алуы үшін оларға жеткілікті өкілеттіктер беру қажет деп есептейді. Бірақ олардың мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, реттеу, бақылау және қадағалау механизмдерін енгізу, сондай-ақ берілетін рейтингтік бағалаулар үшін жауапкершілікті күшейту де жоспарланып отыр.
Еспаеваның айтуынша, тәуелсіз несиелік рейтингтерді кеңінен қолдану жаңа инвесторлардың келуіне, қарыз алушылар үшін қаржыландыру құнының төмендеуіне және ел экономикасын қаржыландыру көлемінің артуына септігін тигізеді.
Рейтинг алу құны
Қазақстанның ұлттық рейтинг агенттігінен рейтинг алу құны шағын бизнес өкілдері үшін 10 мың доллардан аспайды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева мәлімдеді.
«Шағын бизнес пен кішігірім ұйымдар үшін ұлттық рейтинг агенттігінен рейтинг алу қызметінің чегі 10 мың доллардан аспайды деп жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Хаджиева сонымен қатар алдағы уақытта банктер несие берген кезде әлеуетті қарыз алушы компаниядан ұлттық агенттіктен алынған рейтингті талап ететінін растады. Оның айтуынша, ұлттық рейтинг агенттігінің капиталына мемлекеттің қатысуы шағын және орта бизнес компанияларының қор нарығына шығуына жол ашады.
«Өкінішке қарай, бізде тәжірибе болды... Қазақстан аумағында ұсақ рейтинг агенттіктері пайда болды. Үш агенттік болған еді. Бүгінде олардың бәрі жабылды, заңды тұлға ретінде жойылды. Өйткені қазіргі нарық толыққанды бизнес жүргізу үшін жеткіліксіз», – деді ол.
Мария Хаджиеваның сөзінше, жергілікті рейтинг агенттігі барлығы мойындайтын қаржылық ұйым болуға тиіс.
«Бұл жергілікті агенттіктің бағалауын «Даму» мен «Бәйтерек» қаржыландырылатын жобаларды анықтау үшін қолданса, Қаржылық реттеу агенттігі оны қаржы ұйымдарының жобаларын бағалау үшін пайдаланады. Яғни, олардың рейтингтері қаржы институттары үшін негіз болады», – деді төраға орынбасары.
Ол осы арқылы кәсіпкерлердің тез дамуына мүмкіндік беретін іскерлік орта қалыптасады деп есептейді. Рейтинг алу мүмкіндігін, әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері пайдалана алады.
«Біз Ұлттық банкті негізгі құрылтайшылардың бірі және басты ойыншы ретінде көріп отырмыз», – деп атап өтті ол.
Жобаға Ұлттық банктің және халықаралық серіктестердің қатысуы арқылы қазақстандық рейтингтерге шетелдік инвесторлар тарапынан сенім ұялату жоспарланған. Сонымен қатар уақыт өте келе агенттік толыққанды нарықтық ойыншыға айналуы үшін Ұлттық банк оның капиталынан біртіндеп шығады деп болжануда. Ұлттық банктің бастапқы үлесі қанша болатыны нақтыланбады.
Ұлттық банк ұлттық рейтинг агенттігінің капиталына кіреді, ал агенттік қызметтері шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін қолжетімді болады деп уәде етіліп отыр. Кейінірек реттеуші оның құрылтайшылар құрамынан шығады, өйткені агенттік жұмысының негізгі қағидасы тәуелсіздік пен коммерциялық қызмет моделі болуы тиіс. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты.
Агенттік компанияларға, соның ішінде «Даму» мен «Бәйтерек» арқылы мемлекеттік қаржыландыру тартуды жоспарлап отырған кәсіпорындарға рейтинг беретін болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева қазіргі уақытта көптеген кәсіпорындар үшін халықаралық несиелік рейтинг алу қызметтің қымбаттығына байланысты қиын екенін айтты — оның құны 1 млн доллардан асып кетуі мүмкін. Ұлттық агенттіктің бағасы компанияның көлеміне қарай әлдеқайда төмен болады (шағын бизнес үшін — 10 мың доллардан басталады).
Агенттікті негізі 2024 жылы құру жоспарланған болатын, бірақ бұл процесс әдеттегідей созылып кетті.
Рейтинг агенттігі не істейді?
Жергілікті рейтинг агенттігі ұлттық стандарттар бойынша құрылады. Хаджиева оны «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркеудің қажеті жоқ деп санайды. Оның айтуынша, агенттік Орталық Азия елдерінің ойыншыларына да қызмет көрсете алады. Сондай-ақ, ұлттық агенттіктің бағалы қағаздарын қор нарығына шығару әзірге қарастырылып жатқан жоқ, бірақ ол мұны IPO-ға шығаруды «жақсы идея» деп атады.
«Қаржылық жауапкершілік азаматтық-құқықтық мәмілелер аясында туындайды. Егер эмитент дефолтқа ұшыраса, бірінші кезекте эмитенттің өзі жауап береді. Екінші кезекте дұрыс баға бермеген рейтинг агенттігі жауапты болуы мүмкін. Бірақ ол агенттік өз жұмысын адал атқарғанын және эмитентке байланысты тәуекелдерді адекватты бағалау үшін барлық құралды қолданғанын дәлелдеуі керек», – деді Хаджиева.
Алайда Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов рейтинг агенттіктеріне олар қызмет көрсеткен эмитенттердің тағдыры үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.
«Соңғы кездері 2008 жылғы ипотека дағдарысы туралы фильмдер көп көрсетіліп жүр. Рейтинг агенттігінің үлкен сарапшысына барып: «Неге мына банкке жоғары рейтинг бердіңіздер?» деп сұрайды. Ол болса: «Бермесек, олар бәсекелестерімізге кетіп қалады, сондықтан береміз» дейді... Соның салдарынан Lehman Brothers банкрот болып, Америкада миллиондаған адам зардап шекті. Бізде де сондай жағдай қайталанбай ма? Бәрібір рейтинг агенттігінің қылмыстық жауапкершілігі болуы керек», – деді депутат.
Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяда да көптеген адам рейтинг агенттіктерінің әрекетінен зардап шеккен. Депутат Ұлттық банктің бұл агенттікке миллиардтаған қаржы жұмсауы мүмкін екенін де айтып өтті.
«Ұлттық банк оны өз қамқорлығына алады дейсіздер, бірақ шығын қанша болады? Мұндай нәрселерді құруға қаншама миллиардтар кетеді... Тағы да «көпіршік», ипотекалық көпіршік жасап алмаймыз ба? Бәрі қайталанбай ма?», – деді Жайымбетов.
Хаджиева Қазақстанда рейтинг агенттіктеріне қылмыстық жауапкершілік енгізу керек пе деген сұраққа тікелей жауап берген жоқ. Дегенмен, ол реттеуші тарапынан сарапшылардың тәуелсіз бағалауын қамтамасыз етуге тырысатынын жеткізді.