Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев банктер туралы, сондай-ақ қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Түзетулердің ішіндегі маңызды норма — банктерге қазақстандықтардың тек депозиттеріне ғана емес, ағымдағы шоттарына да пайыз қосуға рұқсат беретін ереже.
Мемлекет басшысы «Банктер және банк қызметі туралы» заңнан бөлек, оған ілеспе түзетулерді де қабылдады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғалар мен компаниялардың ағымдағы банктік шоттарына сыйақы есептеуге салынған тыйымды алып тастайды. Дегенмен, мұндай сыйақының мөлшерлемесі шектеулі болады.
Айта кетейік, бұл норманы заң жобасына Мәжіліс депутаттары енгізген еді. Олар банктерге қарапайым шоттар бойынша, соның ішінде карта шоттарына да жылдық 1%-дан аспайтын мөлшерде сыйақы төлеуге рұқсат беруді ұсынды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова Мәжілістегі отырыс кезінде ведомство азаматтардың ағымдағы банк шоттарына пайыз есептеуге қойылған тыйымды алып тастау бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ағымдағы шоттарға пайыз есептеуге тыйым салу 2018 жылы енгізілген және оның мақсаты тұрақты және ұзақмерзімді несие беруге қабілетті банк секторын қалыптастыру болған.