2026 жылы қазақстандықтар азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істей алады, бірақ талаптар айтарлықтай қатаңдайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Мемлекет жұмыс берушілер жылдар бойы толыққанды еңбек қатынастарын өздеріне ыңғайлы «қызмет көрсету шарттарымен» алмастырып келген олқылықтың жолын кеспекші.
Еңбек министрлігі Еңбек кодексіне мынадай норманы тікелей енгізуді ұсынып отыр: жеке тұлғамен жасалған шартта еңбек қатынастарының ең болмаса бір белгісі болса, онда мұндай шарт атауына қарамастан автоматты түрде еңбек шарты саналады. Бұл жұмыс берушінің барлық міндеттемесін қоса алғанда, тиісті заңдық салдарға әкеп соғады.
Өзгерістің мәні неде?
Бүгінде азаматтық-құқықтық шарт көбіне адам іс жүзінде штаттық қызметкер ретінде жұмыс істейтін жерлерде қолданылады: ол график бойынша келеді, басшыға бағынады және тұрақты жалақы алады.
«Тәжірибеде, әсіресе құрылыс саласында, жұмыс берушілер жеке тұлғаларды құрылыс жұмыстарының белгілі бір түрлерін орындауға азаматтық-құқықтық шарт арқылы тартады. Мұндай рәсімдеу жұмыс берушіге қызметкерді әлеуметтік қорғау шараларынан, соның ішінде еңбек жарақатын алған кездегі өтемақыдан, зейнетақы жарналарынан және басқа да міндеттемелерден жалтаруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Еңбек министрлігі.
2026 жылдан бастап мұндай әрекеттерге тыйым салынбақ. Егер шартта еңбек шартының мынадай белгілерінің бірі болса, ол қайта квалификацияланады:
- Нақты бір кәсіп немесе лауазым бойынша жұмысты орындау;
- Ішкі тәртіпке бағына отырып, жұмысты жеке өзі атқару;
- Соңғы нәтиже үшін емес, еңбек процесінің өзі үшін жалақы алу.
Егер осы тармақтардың бірі болса, шарт автоматты түрде азаматтық-құқықтық шарт бола алмайды.
Себеп неде?
Министрлік бұл өзгерістерді қызметкерді қорғау ниетімен түсіндіреді. Еңбек шарты адамға автоматты түрде әлеуметтік кепілдіктер береді: зейнетақы жарналары, МӘМС жүйесіне қатысу, ақы төленетін еңбек демалысы, аурухана парақшалары, жарақат алған жағдайдағы өтемақылар.
Азаматтық-құқықтық шарт кезінде мұның ешқайсысы болмайды. Сонымен қатар еңбек шартының болмауы адамдардың сотта өз құқығын қорғауына кедергі келтіреді — еңбек қатынастарының болғанын дәлелдеу іс жүзінде мүмкін емес.
Қандай жағдайда азаматтық-құқықтық шарт жасалады?
Толық тыйым салынбайды. Егер шарт шынымен де азаматтық-құқықтық логикаға сәйкес келсе, ол сақталады:
- Лауазымға және жұмыс графигіне байланысты болмаса;
- Ішкі тәртіп ережелеріне бағыныштылық болмаса;
- Жұмыс процесіне емес, нәтижесіне ақы төленсе;
- Тараптар — жұмыс беруші мен қызметкер емес, тапсырыс беруші мен орындаушы болса.
Қарапайым тілмен айтқанда, егер адам тұрақты қызметкер ретінде емес, бір реттік немесе жобалық қызмет көрсетсе ғана азаматтық-құқықтық шарт жасауға болады.
Бұл норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек жағдайларының қауіпсіздігін жетілдіру және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген және қазір Парламентте қаралып жатыр.