Қазақстанда жүк тасымалы көлемі артқанымен, жүк айналымы азайған. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы жариялады.

Бюро мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында «Көлік және қоймалау» саласы бойынша қызметтердің нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,7% болды.

2026 жылдың қаңтар–ақпанында республика бойынша көлік арқылы 163,3 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,9% көп.

Ал жүк айналымы осы кезеңде 88,6 млрд тонна-км болып, 2025 жылдың қаңтар–ақпанымен салыстырғанда 1,3% азайған.

Мұндай айырмашылық жүк салмағы артқанымен, тасымалдау қашықтығының қысқарғанын білдіруі мүмкін.

Статистикаға сәйкес:

  • Жүк автокөлігімен тасымалдау 25,5% өскен
  • Теміржол көлігі 14,2% артқан
  • Теңіз және жағалау көлігі 2,6% азайған
  • Құбыр арқылы тасымалдау 4,5% азайған.

Жүк айналымы тек жүк автокөлігінде 2,4% өскен. Ал теміржол, теңіз және құбыр арқылы тасымалдау бойынша жүк айналымы төмендеген.

Тағы бір айқын өзгеріс – такси арқылы жолаушылар тасымалының күрт өсуі. 2025 жылдың қаңтар–ақпанымен салыстырғанда жолаушылар саны екі еседен көп артқан, ал жолаушылар айналымы 72,1% өскен.

Сонымен қатар автобус және әуе тасымалында жолаушылар саны мен жолаушылар айналымы аздап артқан, ал теміржол көлігінде екі көрсеткіш те төмендеген.