Атырау мұнай өңдеу зауыты сатылмайды — министрлік

Атырау мұнай өңдеу зауыты сатылмайды — министрлік

Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін сату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

«Қазіргі уақытта АМӨЗ үлесін сату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ», — делінген ақпаратта.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, «Татнефть» ЖАҚ өкілдері шынымен Атырау мұнай өңдеу зауытымен өзара байланысқан, бірақ тек өндірістік тәжірибе алмасу аясында ғана.

«Мұнай өңдеу өнеркәсібі және одан тыс компаниялар арасындағы тәжірибе алмасу мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын жақсартудың стандартты және кең таралған процесі», — деп түсіндірді министрлік.

Бәсекелестік қорғау және дамыту агерттігінің төрағасы Марат Омаров Атырау мен Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жекешелендіру туралы айтқан.

«ҚазМұнайГаз» Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарындағы 50% акциясын жеке компанияларға өткізуі мүмкін екенін, бұл шешім 461 кәсіпорынды қамтитын жекешелендірудің жаңа толқыны аясында қабылданғанын мәлімдеген.

«Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының үлесін жекешелендіру – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысы. Бұл ұсыныс квазимемлекеттік сектордың үлесін төмендету есебінен мұнай өңдеу саласында және мұнай өнімдері нарығында бәсекелестікті дамытуға бағытталған. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) мұндай шешімдердің дайындық жұмыстары, атап айтқанда корпоративтік шешім қабылдау, техникалық және экономикалық аспектілер көп уақытты қажет ететінін ескере отырып, бұл мәселені зерттеп жатыр. Мұндай процестер әдетте бірнеше жылға созылады», — деп жазады ұлттық компания.

ҚМГ осыған байланысты алыс және жақын шет елдердің түрлі компаниялары, соның ішінде «Татнефть» ЖАҚ қарастырылып отырғаны айтылған.