«Атырау» футбол клубы 77 млн теңгеге сатылды.

Сауда 2026 жылғы 17 сәуірде өтті. Бастапқы баға 75 млн 242 мың теңге болды. Аукцион бағаны көтеру тәсілімен жүргізілді. Қатысу үшін 37,6 млн теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу талап етілді.

Клуб едәуір жеңілдікпен сатылды, себебі бағалау бойынша оның нарықтық құны 250,8 млн теңгені құраған, бұл сатылған бағадан 3,2 есе жоғары.

Клубты сату бойынша сауда бірнеше рет өткізілген, алайда әр жолы баға төмендетіліп отырған:

  • 17 ақпан – 250,8 млн теңге (өтпеді)
  • 10 наурыз – 175,5 млн теңге (өтпеді)
  • 27 наурыз – 125,4 млн теңге (өтпеді)

Нысанды сатушы – «Атырау облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» ММ.

Клуб иесі – «Атырау облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы» ММ.

Сатып алған — кәсіпкер Болат Қонарбай. Оның негізгі қызмет бағыттары — мұнай өндіру, теміржол тасымалы және логистика.

Жаңа инвестор команданы қаржыландыруды өз мойнына алып, инфрақұрылымдық жобаларды, соның ішінде футбол академиясын салуды қолға алады деп күтілуде.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау футбол клубын Ақ-Руно компаниясының иесі Әлімбек Мұқанов сатып алатыны айтылған еді. 

Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысындағы «Оқжетпес» футбол клубы да жекеге өткен. Атап айтқанда, «Оқжетпес» ФК қоғамдық қорын құру жөнінде шешім қабылданды. Қордың құрылтайшысы «Агрофирма «Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр болады. Ол өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен бірлесіп, ақмолалық футболға жүйелі қолдау көрсетеді.

Бұған дейін жекеге өтсе де футбол клубтары әлі бюджеттен ақша алып отырғанын жазған едік.

Шымкенттің Ордабасы футбол клубы да жеке меншікке өткен. Клубтың жаңа иесі – Integra Construction KZ компаниясының иесі, қазақстандық ірі кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп. Компания бүгінде елдегі ең ірі компаниялар тізімінде 12-орында тұр.

Оған дейін Қарағандының Шахтер футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды

Сондай-ақ Елімай футбол клубы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.

Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев Ақтөбе футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді. 

Сонымен қатар Петропавлдың Қызыл-Жар футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады. 

Қайсар футбол клубы да жеке басқаруға берілді. Клуб TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілді.

Сонымен қатар Астана футбол клубына да инвестор табылғаны хабарланды, бірақ туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов инвесторлардың бар екенін, алайда рәсімдер толық аяқталғанға дейін олардың атын атай алмайтынын айтты.