Бұл қызметті екі ірі такси операторы — inDrive пен Yandex Qazaqstan іске қоспақ.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі inDrive компаниясымен және Yandex Qazaqstan компаниясымен 2026 жылы Астанада жүргізушісіз такси бойынша пилоттық жобаны іске қосу туралы меморандумға қол қойды.
Елорда 2026 жылы жүргізушісіз такси жобасы іске қосылатын Қазақстандағы алғашқы қалалардың қатарына енеді. Шаһар қалалық мобильділіктің жаңа форматына көшуге дайындалып, автономды көлікті «қауіпсіздікті арттыру, жайлылық пен қалалық ортаның сапасын жақсарту құралы» ретінде қарастырып отыр. Өздігінен жүретін автокөліктерді енгізу жобасы «ақылды қала» стратегиясы мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңі тестілеуден өткізуді, заңнамалық тұрғыда реттеуді және инфрақұрылымын дайындауды қамтамасыз етуді қарастырады.
Халықаралық зерттеулер деректеріне сүйенсек, автономды технологиялар адам факторын азайту арқылы жол-көлік оқиғаларының санын төмендетуге, көлік ағынын оңтайландыруға және халықтың әртүрлі топтары, соның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімдікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ірі қалалардың орнықты көлік жүйесінің маңызды элементіне айналады.
inDrive жүргізушісіз таксиі Астана халықаралық әуежайынан Abu Dhabi Plaza сауда орталығына дейінгі аралық пилоттық жобаның бағыты ретінде анықталды. Іске қосар алдында автономды көліктердің қозғалысы, жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұқият дайындық жүргізіледі. Қозғалыс жол жағдайларына тәуекелдерді бағалау жүргізілген соң ғана, оператор мен өндірушінің бақылауымен жүзеге асырылады.
«Ел астанасында алғашқы өздігінен жүретін таксилерді іске қосу аясында Көлік министрлігімен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және Астана қаласы әкімдігімен ынтымақтастығымызды мақтан тұтамыз. Серіктестеріміздің автономды басқару саласындағы озық технологияларын inDrive-тың халықаралық платформасымен біріктіре отырып, пайдаланушыларға қауіпсіз әрі қолжетімді сапарлар ұсынуды көздейміз. Сонымен қатар бұл ынтымақтастық біз үшін символдық мәнге ие: 11 жыл бұрын дәл осы Астана қаласы компанияның халықаралық деңгейде дамуына жол ашты», — деді inDrive компаниясының Қазақстандағы жетекшісі Арай Бекембаев.
«Yandex Qazaqstan-ның автономды көлік жобасы кезең-кезеңмен іске қосылады — алдымен пилоттық режимде және тестілеуден басталады. Мұндай формат қалалық ортаның нақты жағдайларын ескеруге мүмкіндік береді. Сервисте диспетчерлік қызметпен тәулік бойғы байланыс және сапарларды сақтандыру қарастырылған. Жүргізушісіз көлікті басқару жүйесі жасанды интеллектіні, жол жағдайын үздіксіз бақылауды және қауіпсіз әрекет ету сценарийлерін қамтитын автономды жүргізудің сынақтан өткен тәсілдеріне негізделеді. Тәжірибе жинақталып, жұмыстың тұрақтылығы расталған сайын қызмет ауқымы кеңейеді», — деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов.
Бұған дейін inDrive Сауд Арабиясында автономды мобильділік жобаларын іске қосу жоспары аясында AV стратегиясын жүзеге асыра бастаған болатын. Осы бірегей тәжірибе қазақстандық жобаға да қолданылады. Қазақстанда жүргізушісіз таксиге тапсырыс беру inDrive мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болады. Жоба аясында компания Астана әуежайында жолаушыларды отырғызуға арналған арнайы аймақты жабдықтайды. Пилоттық жоба тестілеу нәтижелері оң нәтиже көрсеткен жағдайда, сондай-ақ қажетті реттеуші тетіктер мен инфрақұрылым талаптары қамтамасыз етілген жағдайда ғана іске қосылады.
Жүргізушісіз такси қызметін іске қосқан елдер мен қалаларда жол қозғалысындағы қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай артқан. Өндірушілердің мәліметінше, мұндай өңірлерде жол-көлік оқиғаларының саны 90 пайызға дейін азайған. Бұл ғана емес, өздігінен жүретін көлікті енгізу райд-хейлинг нарығындағы өзгерістерге алып келеді.