АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу комитеті (AFSA) фиаттық валютамен қамтамасыз етілген стейблкоиндерді шығаруға алғаш рет лицензия берді. Лицензия фиаттық стейблкоин эмитенті ретінде цифрлық активтер саласында төлем қызметтерін көрсету бойынша реттелетін қызметті жүзеге асыру үшін AnchorX.KZ Limited компаниясына берілді.
AFSA-ның стейблкоиндер бойынша кешенді нормативтік базасы шеңберінде қабылданған бұл реттеуші шешім Қазақстанда цифрлық активтер экожүйесін дамытудағы маңызды қадам болды.
Бұл AFSA мен АХҚО-ның нақты әрі тұрақты реттеу саясаты арқылы инновацияларды қолдауға деген ұмтылысын көрсетеді, сонымен қатар лицензияланған қатысушылар үшін белгіленген талаптарға сәйкес цифрлық қаржылық қызметтерді ұсыну мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.
Бұл бастама өңірдегі қаржы технологиялары мен қаржы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кең стратегияның бөлігі. AnchorX компаниясы Қазақстанның экономикалық басымдықтарына сәйкес келетін, әсіресе, 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 43,8 млрд долларға жеткен Қытаймен сауда байланыстарының нығаюы тұрғысында болашақ трансшекаралық қаржылық шешімдерді әзірлеуге үлес қосуды жоспарлап отыр.
AFSA 2024 жылдың қаңтарында стейблкоиндер бойынша реттеу базасын ұсынды. Белгіленген қағидаларға сәйкес 1:1 қатынасында фиаттық валюталарымен толық қамтамасыз етілген стейблкоиндерді ғана шығаруға рұқсат етіледі . Бұған АҚШ доллары, еуро, Қытай юаны, Норвегия кроны және осы реттеу шеңберінде танылған басқа валюталар кіреді.
«AIFC CONNECT: HONG KONG» конференциясында сөйлеген сөзінде AnchorX бас директоры Хилл Ваң цифрлық активтер саласындағы инновацияларды ынталандырудың негізгі факторы ретінде реттеу айқындылығының стратегиялық маңыздылығын атап өтті. «Біз үшін AFSA құрған прогрессивті нормативтік орта аясында осы жолды бастағанымыз зор мәртебе», — деді Ваң.
Дисклеймер: Бұл ақпарат қаржылық немесе инвестициялық ұсыныс емес. Инвестициялық шешімдер қабылдамас бұрын білікті маманмен кеңесу ұсынылады.