2025 жылғы 1 қыркүйектегі дерекке сүйенсек, елімізде 550 мыңға жуық заңды тұлға тіркелген. Оның 428 мыңы белсенді жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерлер саны – 1,89 млн, соның ішінде 1,8 миллионы нақты қызмет атқарып отыр. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы жариялады.
Осылайша, шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны 2,37 млн-ға жетіп, оның 2,17 млн-ы белсенді болып отыр. Бұл кейінгі он жылда қалыптасқан жаңа экономикалық негіздің айқын көрсеткіші.
Ұзақмерзімді динамика
2015 жылдан бері заңды тұлғалар саны 49% өсіп, 360 мыңнан 536 мыңға дейін жеткен. Жыл сайынғы орташа өсім – 4,5%. Негізгі серпін шағын кәсіпорындар есебінен болды (+4,6% жыл сайын). Орта және ірі кәсіпорындарда өсім тұрақсыз болғанымен, соңғы жылдары оң бағыт байқалады.
Қысқамерзімді өзгерістер
2025 жылғы тамызда заңды тұлғалар саны шілдемен салыстырғанда 0,4%, өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 2,3% көбейді. Белсенді компаниялар үлесі де жылдық мәнде +2,1% көрсетті.
Өңір бойынша бизнес әлі де үш қалада шоғырланған: Алматы – 28%, Астана – 20%, Шымкент – 5%.
Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында.
Экономикалық құрылым
Заңды тұлғалардың үштен бірі сауда және автокөлік жөндеу саласында (26,9%). Құрылыс – 13,4%, түрлі қызмет көрсету саласы – 10,1%. Бұл үш бағыт барлық тіркелген компанияның жартысын құрайды.
Жеке кәсіпкерлікте өсім қарқыны одан да жоғары: бір жыл ішінде +7%, белсенді ЖК саны +7,3%. Негізгі бағыттар: сауда – 36,6%, қызмет көрсету – 15,6%, ауыл шаруашылығы – 13,5%.
Шетелдік қатысу және филиалдар
Елде 30,5 мың филиал мен өкілдік бар, оның 22 мыңы белсенді. Көпшілігі – шетелдік компаниялардың бөлімшелері. Белсенділік әсіресе Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркия және Қырғызстан компанияларынан байқалады.
Қызмет құрылымында жетекші салалар – қызмет көрсету (41%), сауда (13%), ғылыми-техникалық қызмет (7%).
Айта кетсек, 1 тамыздағы статистика бойынша елде 120 мың компанияның жұмыс істемей бос тұрғаны хабарланған еді.