Маңғыстау облысында жаңа теңіз портын салу жоспарлануда. Стратегиялық серіктес ретінде қытайлық «Чжонъюн Интернешнл» компаниялар тобы шығып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай баяндады.
Оның айтуынша, инвестициялық жобаның құны 300 млн долларға бағаланып отыр. Қазіргі уақытта инвестор компанияны өңірде тіркеп қойды, енді инвестициялық келісімге қол қою үшін құжаттар дайындап жатыр.
«Жоба Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етеді. Оны жүзеге асыру жүктерді жеткізу мерзімін 7-15 күнге қысқартуға, көлік шығындарын 18-25% төмендетуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов жауапты ведомствоға Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысының барысын бақылауды тапсырды.
«Көлік министрлігі Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысының жобасын ерекше бақылауға алып, 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін жұмыс нәтижелері туралы баяндасын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.