Автор: Назира Бурханова

2025 жылдың қыркүйек айында ашылған «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» (AMMKZ) зауыты 2026 жылы 45 мың Chery, Changan және GWM көліктері (Haval, TANK) көліктерін құрастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Нарық тілшісі хабарлайды.

Қанша көлік құрастырады?

Astana Motors компаниясы өнеркәсіптік құрастыру бойынша мемлекетпен келісім аясында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында шанақ дәнекерлеу және бояумен айналысатын (CKD) арқылы ұсақ түйінді өндіріс әдісін қолданып, өнімнің 30%-ын қамтамасыз етуге міндеттенді. Өндірістік циклге дәнекерлеу, бояу, содан кейін көліктің ішкі және сыртқы бөліктерін құрастыру кіреді. 

Зауыт дәнекерлеу және бояу әдістерін қолдана отырып, жылына 120 мың көлік шығаруға қауқарлы. 

«Өндіріс көлеміне келер болсақ, ол, әрине, көптеген факторға, соның ішінде нарық конъюнктурасы мен жаңа үлгілерді енгізу жылдамдығына байланысты болып келеді. Біздің мақсатымыз — 2025 жылдың соңына дейін шамамен 15 мың көлік шығару. 2026 жылы біз қазақстандық нарыққа кемінде 45 мың көлік шығаруды жоспарлап отырмыз»,— деді Astana Motors ҚМК бас директоры Бекнұр Несіпбаев. 

Жергілікті «қытайлар» қаншалықты сапалы?

Жергілікті Chery, Changan және GWM (Haval, TANK) көліктері өндірісін бренд иегерлері толықтай сертификаттаған. Брендтердің қытайлық инженерлері өндірістің барлық кезеңдерінде тәжірибелік өндіріске, процестер мен сапаны бақылауға белсенді түрде қатысады.

«Бізде құрастырылатын әрбір өнімді тұрақты түрде шетелдегі сала мамандары бақылап, тексеріп отырады.  Көліктеріміз бренд холдингінің талаптарына толығымен сәйкес келеді деп нық сеніммен айта аламын. Өндіріс сапасы Қытайдағыдай стандарттарға сәйкес келеді», — дейді компания басшысы.

Компания басшысы егер жұмыс барысында машина өндірісіне қатысты қандай да бір шарттар мен талаптар орындалмаса, зауыт ол көлікті ары қарай құрастырмайтынын  айтады.

Бекнұр Несіпбаевтың айтуынша, нақты маркалы автокөліктерді шығару құқығын алу үшін компания арнайы талаптар мен стандарттарға сай болуы керек. Өндірістің іске қосылуы бірнеше кезеңнен тұрады: жабдықты іске қосу, сынақ өндірісі және көп деңгейлі сапаны сынау. Барлық тиісті сертификат, рұқсат және лицензия алынғаннан кейін ғана көліктер нарыққа жаппай шығарыла бастайды.

Мемлекет 127 млрд теңгеге жуық қарыз берген

Алматының индустриалды аймағында салынған зауыттың өндірістік нысандарының жалпы ауданы 211 гектарды құрайды. Бүгінде ол Қазақстандағы ең озық және жоғары технологиялы кәсіпорындардың бірі. Astana Motors зауытында қолданылатын инновациялық технологияларға, ондағы әрбір детальға мақсатты түрде үлкен инвестиция жасаған.

«AMMKZ Қазақстан Республикасында дәнекерлеу және құрастыру цехтары өз алдына жеке-жеке бөлек қабаттарда орналасқан  автоматтандырылған жеті деңгейлі шанақ тарату қоймасы (200 шанақ) бар бірінші зауыт болып есептеледі. Бұл AI негізіндегі бағдарламалық қамтамасыз ету дәнекерлеу, бояу және құрастыру кезінде шанақтарды автоматты түрде бөлуге мүмкіндік береді», — деп  өтті AMMKZ өндіріс бойынша директоры Алексей Дормидонтов.

Жоба құны 215 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 41% – Astana Motors компаниясының жеке қаражаты, 59% – Қазақстан Даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорынан  9% мөлшерлемеде 15 жылға қарызға алынған қайтарымды қаржы. 

Жұмыскерлер мен роботтардың тепе-теңдігі

Цехтардағы адам ағзасына қауіпті, лас жұмыстарға Жапония, Швеция және Швейцариядан арнайы әкелінген роботтар жауапты. Қазіргі кезде мультибрендті зауытта үлкенді-кішілі жұмысқа тартылған 54 робот бар. 

«Дәнекерлеу цехында көлік бөліктерін біріктіруде жоғары дәлдік пен тұрақты сапаны қамтамасыз ететін 17 жапондық Fanuc роботтары жұмыс істесе, бояу цехы ABB (Швеция-Швейцария) фирмасының 34 өнеркәсіптік роботты тозаңдатқыштарымен жабдықталыпты. Катафорез желісінде 20 ванна бар, бұл жоғары технологиялық деңгейде автокөліктердің корпустарына коррозияға қарсы жабындарды өңдеуге және жағуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді компания өкілдері.

Бұдан басқа, құрастыру компоненттерін шасси желісіне автоматты түрде және бағдарламаланған түрде тасымалдайтын AGV роботты көліктері қолданылады. Олар жұмысшылардан тұрақты бақылауды қажет етпейді және қозғалтқыштар мен басқа да шасси компоненттерін орнату аймағына уақытында жеткізеді.

Зауыт толық өндірістік қуатына жеткенде, оның жұмыс күші шамамен 3,6 мың адамды құрайды. Қазіргі уақытта зауытта 2,4 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Осы орайда, өндіріс басында қызметкерлерге арналған арнайы тренажер залы, бокс рингтері бар фитнес-орталық, 168 орындық кинотеатр және 2 мың тірі өсімдіктері бар қысқы бақ, асхана және басқа да игіліктер қарастырылған.