«Тау-Кен Самұрық» және америкалық Cove Capital критикалық минералдар саласындағы стратегиялық инвестициялық жоба бойынша транзакциялық құжаттар топтамасына — Сатып алу-сату шартына (SPA) және Құрылтай шартына (SHA) қол қойды.

Жоба аясында Қазақстанда Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарында вольфрамды терең өңдеу өнімдерінің жоғары технологиялық өндірісін құру көзделген. Шамамен 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Cove Capital жобаны дамытуға кемінде 1,1 млрд АҚШ долларын инвестициялайды.

«Солтүстік Қатпар» жобасы аммоний паравольфраматы өндірісін құруға бағытталған. Бұл — қосылған құны жоғары, әлемдік нарықта сұранысқа ие металлургиялық өнім.

Қаржыландырудан бөлек, жоба бойынша стратегиялық серіктес заманауи өндіру, өңдеу және байыту технологияларын әкеліп, сондай-ақ дайын өнімді сыртқы нарықтарға шығаруды, соның ішінде АҚШ Үкіметімен оффтейк-келісімшарттар жасауды қамтамасыз етеді.