Мәжіліс атқарушылық іс жүргізу бойынша заңға түзетулерді қабылдады. Өзгерістер алиментке қатысты маңызды ережені қамтиды.

«Алимент алатын балалардың ата-аналары арнайы шот аша алады. Сот орындаушылары бұл қаражатты бұғаттай алмайды», – делінген. Өйткені ол қаражат балаға тиесілі.

Сондай-ақ отбасылық даулардағы ата-аналарға қатысты талаптар жеңілдетіледі. Баламен араласу тәртібіне байланысты атқарушылық құжаттары бар азаматтар енді автоматты түрде Бірыңғай борышкерлер тізіліміне енгізілмейді.

Ал егер тараптар татуласуға ниет білдірсе, сот арқылы бітімгершілік келісім жасауға мүмкіндік беру үшін атқарушылық іс жүргізу бір айға дейін тоқтатылуы мүмкін.