Қазақстанда билік бағасын реттейтін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі ұлғайды. Сауда және интеграция министрлігінің тиісті бұйрығы 2026 жылдың 4 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Енді тізімге 31 тауар кіреді. Олар: ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызанақ, қияр, алма, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тартылған ет, қой еті, жылқы еті, балық, тауық еті, сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, тауық жұмыртқасы, шай және тұз.

Бұл тізімнің кеңеюі — инфляцияны тежеу үшін қабылданған уақытша шара. Бұған дейін тізімде тек 19 тауар болған еді.

Ет өнімдері бойынша бұрын тек сиырдың жауырын-төс бөлігі ғана кіретін болса, енді тартылған ет, сүйекті қой еті мен сүйекті жылқы еті де қосылды. Көкөніс пен жемістерден тізімге қияр, қызанақ және алма енді. Сүт өнімдері бойынша енді сүт, қаймақ және қатты ірімшік бағасы да бақыланады. Қара шай бағасы да реттелетін болды.

Айта кетсек, тізімге енген әрбір тауар позициясы бойынша шекті бөлшек сауда бағалары белгіленеді. Сонымен қатар бұл тауарларды жеткізу шартында ең жоғары сауда үстемесінің мөлшері міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Егер шартта бұл талап ескерілмесе, ол жарамсыз деп танылады. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызды тауарларға рұқсат етілген ең жоғарғы сауда үстемесі — 15%.