Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) тамыз айында әлемдік мұнай өндірісі тәулігіне 106,9 млн баррель болып, тарихи максимумға жеткенін хабарлады. Агенттік ескерткендей, ұсыныс қарқыны сұраныстан әлдеқайда жоғары. Бұл алдағы уақытта нарықтағы артық мұнай көлемін ұлғайтуы мүмкін.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы нарыққа шол жариялады. Онда 2025 жылы әлемдік өндіру көлемі +2,7 млн б/т, 2026 жылы +2,1 млн б/т артады деп күтіліп отырғаны айтылған. Бұған ОПЕК+ өндірісті көбейту шешімі және АҚШ, Бразилия, Канада мен Гайанада өндірістің өсуі ықпал етпек.
Теңгенің әлсіреуі мен валюта нарығы
KASE-дегі соңғы саудада теңге тағы да әлсіреді: USD/KZT жұбы 539,08 деңгейінде (+0,84 теңге). Сауда көлемі бір күнде 212 млн доллардан 294 млн долларға дейін артты.
Сарапшылар мұны мұнай бағасының төмендеуі мен доллар индексінің күшеюімен байланыстырады. Сонымен бірге қазақстандық импортшылар да сыртқы міндеттемелерін өтеу үшін белсенді шетел валютасын сатып алған болуы ықтимал.
Ақша нарығы
TONIA мөлшерлемесі 16,41%-дан 16,33%-ға төмендеді, SWAP-1D 11,16%-дан 11,14% болды. Сауда көлемі күрт қысқарып, 494,9 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар, Ұлттық банктің депозиттік аукционына сұраныс өсіп, 936 млрд теңгеге жетті. Ол толық көлемде 16,5% жылдық мөлшерлемемен қанағаттандырылды. Бұл қаржы жүйесіндегі өтімділік артықшылығының жоғары екенін көрсетеді.
Қор нарығындағы қозғалыс
KASE индексі +0,4% өсіп, 7 132 пунктке жетті. Негізгі өсімді:
• БЦК (+1,5%)
• KEGOC (+1,1%)
• Air Astana (+0,9%)
• «ҚазТрансОйл» (+0,9%) қамтамасыз етті.
Kaspi акцияларының -1,1% төмендеуі жалпы индекстің өсуін тежеді.
Moody’s БЦК депозиттік рейтингін «Ba1»-ден «Baa3»-ке көтеруі маңызды жаңалық болды. KEGOC қағаздарының өсуі – қазан айындағы акционерлер жиналысында қаралатын дивиденд мәселесімен байланысты.
Әлемдік нарықтар мен тәуекелді активтер
АҚШ-та жарияланған инфляция деректері (тамызда +2,9%) ФРЖ-ның жақын уақытта мөлшерлемені төмендететініне сенімді арттырды.
Осыдан кейін әлемдік қор индекстері тарихи максимумдарға жетті. Инвесторлар тәуекелді активтерге көбірек бет бұрса, алтын бағасы керісінше төмендеп, 3 669 доллар болды (-0,4%).
Сарапшылар не дейді?
Қауымдастық талдаушыларының пікірінше, әлемдік нарықтағы басты тәуекел – мұнай ұсынысының артық болуы. Бұл теңгеге қосымша қысым түсіреді. Қазақстан ішіндегі инфляциялық орта мен сыртқы факторлар Ұлттық банкті қатаң саясатты сақтауға итермелейді.