17 қарашада Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Баспасөзде аталған Заңның мәтіні жарияланды. 

«Жасанды интеллект – адамға тән когнитивтік функцияларды имитациялау қабілетін қамтамасыз ететін, нәтижелері адамның интеллектуалдық қызметінің нәтижелерімен салыстырмалы немесе олардан асып түсетін функциялық мүмкіндік»,  делінген мәтінде. 


Заң бойынша төмендегі мүмкіндіктердің біріне ие ЖИ жүйелерін құруға және пайдалануға тыйым салынады:

  • жеке тұлғаның мінез-құлқын бұрмалап, саналы шешім қабылдау қабілетін шектейтін немесе зиян келтіруі мүмкін шешімдерді қабылдауға мәжбүрлейтін бейсаналық, манипулятивтік немесе өзге де әдістерді қолдану;
  • адамның жасына, мүгедектігіне, әлеуметтік жағдайына немесе өзге де кез келген мән-жайына байланысты оның моральдық және (немесе) физикалық осалдығын зиян келтіру мақсатында пайдалану;
  • жеке тұлғаларды немесе адамдар тобын белгілі бір уақыт аралығында олардың әлеуметтік мінез-құлқы немесе белгілі, болжамды немесе болжаулы жеке сипаттамалары негізінде бағалау және жіктеу;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жеке деректерді жинау және өңдеу;
  • нәсілі, саяси көзқарастары, ұстанатын діні немесе өзге кез келген белгілері бойынша қандай да бір кемсітушілік мақсатында қорытындылар жасау үшін жеке тұлғаларды биометриялық деректері негізінде жіктеу;
  •  жеке тұлғаның эмоцияларын оның келісімінсіз анықтау;
  • Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған ЖИ жүйелерінің қызмет нәтижелерін жасау және тарату.

Айта кетсек, Заң сондай-ақ қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің Қазақстан Республикасының аумағындағы айналымын реттейді. Бұған дейін қамтамасыз етілмеген цифрлік активтердің айналымы тек «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) аумағында ғана рұқсат етілген еді.

Бұған дейін Заңды Мәжіліс екінші оқылымда мақұлдаған кезде Заңда ЖИ жүйелерін құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыда реттеу, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы қолдану ережелері қарастырылғанын жазған едік. Сонымен қатар Үкіметтің осы саладағы саясат жүргізу құзыреті кеңейтілетіні де қарастырылған болатын.