Фермерлік шаруашылықтардың сиыр етін экспорттауға қатысуына қойылатын минималды талапты едәуір жеңілдету ұсынылуда. Тиісті өзгерістер жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 19 наурызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Жаңа ережелерге сәйкес:
- Өз ет комбинаты бар шаруашылықтар енді кемінде 500 бас ірі қара болған жағдайда ет экспорттай алады (бұрын ең төменгі шек 5 мың бас болатын);
- Өзінің өңдеу қуаты жоқ ірі фермалар да экспортқа шығу мүмкіндігін алады, бірақ олардың мал басы 5 мыңнан жоғары болуы тиіс. Мұндай жағдайда ет басқа ет комбинаттары арқылы экспортталады.
Қазір жартыжылдық экспорттық квота шаруашылық көлеміне байланысты бөлінеді:
- шамамен 5 мың бас – 1 мың тоннаға дейін
- 10 мың бас – 2 мың тоннаға дейін
- 15 мың бас – 3 мың тоннаға дейін
- 20 мың бас – 4 мың тоннаға дейін
- шамамен 50 мың бас – 10 мың тоннаға дейін.
Негізгі талап өзгермейді: ет шаруашылықтың өз малынан өндіріліп, өз қуатында өңделуі тиіс.
2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес:
- ет экспорты екі есе өсіп, 165 мың тоннаға жетуі тиіс;
- ірі қара саны 12 млн басқа дейін ұлғайтылады.
Экспорттың негізгі бағыттары – Парсы шығанағы елдері және басқа да мұсылман мемлекеттері. Жоспар бойынша, елдегі ет өндірісі 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін артуы мүмкін.