Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Абылқасымова жастардың микронесие алуының көбеюіне байланысты микронесие алу үшін ең төменгі жасты 21 жасқа дейін көтерудің орындылығы жөнінде Парламент Сенаты депутаттарының сауалына жауап берді.

Агенттік басшысы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 18–21 жас аралығындағы 847 430 адам тұратынын хабарлады.

«Мемлекеттік несие бюроның мәліметінше, 18–21 жас аралығындағы 136 239 жас микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) қарыз алушылары саналады, олардың 18 638-де (13,7%) несие бойынша мерзімі 90 күннен асқан берешек бар», — деді Мадина Абылқасымова.

Сонымен қатар агенттік басшысы тұтыну несиесінің қатерін шектеу және халықтың шамадан тыс қарыздануын болдырмау бойынша жүйелі шаралар тұрақты түрде қабылданып жатқанын атап өтті.

«Агенттіктің шамадан тыс қарыздануды төмендету, тұтыну несиесінің өсуін шектеу және халықтың борыш жүктемесін азайту жөніндегі шаралары оң нәтиже берді. Мысалы, биыл алғашқы 10 айда кепіл қойылмаған тұтыну несиесінің өсімі 13,2%-ға дейін баяулады (2024 жылдың 10 айында — 24,3%)», — деп нақтылады ол.

Бұдан бөлек, 20 жасқа толмаған адамдар арасында борыш жүктемесінің өсуін болдырмау үшін жақын арада №215 қаулы енгізіледі, онда: мұндай қарыз алушылардың табыстары жұмыс орнынан берілген табыс туралы анықтама мен оқу орнынан берілетін шәкіртақы негізінде есепке алынады. Яғни борыш жүктемесі коэффициентін есептеу кезінде тек ресми табыс көздері ғана ескеріледі.

Агенттік басшысы еске салғандай, 2024 жылдың маусымында несиелеу кезіндегі қатерді азайту мәселелері бойынша заң қабылданып, мынадай жаңашылдықтар көзделді:

  • МҚҰ-ларға 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаларға микронесие беруге, сондай-ақ 90 күн өткеннен кейін бұрын алынған микронесие бойынша пайыз есептеуге тыйым салынды;
  • жеке тұлғаның биометриялық сәйкестендіруінсіз интернет арқылы микронесие шарттарын жасасуға тыйым салынды;
  • МҚҰ-лар микронесиеге түскен өтініштер туралы мәліметтерді несие бюросына нақты уақыт режимінде ұсынуға міндеттелді;
  • мерзімді әскери қызметшілер үшін микронесие бойынша негізгі қарыз бен пайыздарды төлеу қызмет мерзіміне және ол аяқталғаннан кейінгі 60 күнге кейінге қалдырылуы тиіс.

Ұлттық банкпен бірлесіп, 2024 жылдың тамызында МҚҰ микронесиесі бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мәні 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді. Ал мерзімі 45 күнтізбелік күнге дейін және сомасы 45 АЕК-ке дейінгі микронесие үшін пайыздық мөлшерлеме күніне кемінде 0,3% және 179%-дан аспайтын деңгейде белгіленді.

Сондай-ақ агенттік басшысының айтуынша, 2025 жылдың тамызында №215 қаулы халықтың шамадан тыс қарыздануды азайтуға бағытталған талаптармен толықтырылды. Оларға сәйкес, МҚҰ микронесие беруге оң шешім қабылдамайды, егер:

  • қарыз алушының банк несиесі бойынша мерзімі өткен берешегі 30 күннен асса, ал МҚҰ микронесиесі бойынша — 1 күннен асса;
  • соңғы 3 жылда банк несиесі немесе микронесие бойынша берешек толық есептен шығарылған болса;
  • соңғы 12 айда бір немесе бірнеше банк несиесі немесе микронесие бойынша міндеттемелерді орындауға ықпал етпейтін қайта құрылымдау жүргізілген болса;
  • кепілсіз микронесие мерзімі 5 жылдан асса.

Реттеуші шараларға қосымша ретінде агенттік проблемалық берешек деңгейін, оның ішінде 20 жасқа дейінгі азаматтар арасында төмендету үшін бақылау шараларын қабылдады: 52 МҚҰ үшін несиелеу лимиттерін қайта қарау/белгілеу, сондай-ақ микронесие беру рәсімдерін, скорингті және қарыз алушыларды бағалауды жетілдіру. Бұл дефолттар деңгейін азайтуға бағытталған.