2028 жылға қарай Қазақстанда қуаты жылына 4,8 млн тонна болатын бидай мен жүгеріні терең өңдеу бойынша бес ірі жоба пайдалануға беріледі. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

«Салаға инвестициялар 2,6 млрд долларды құрайды, 3,3 мың жұмыс орны құрылады. Аминқышқылдары, шәрбаттар, дәрумендер шығару арқылы өнім ассортименті кеңейеді. Инновациялық өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету жүгерінің егістік алқаптарын кеңейте отырып, әртараптандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар шеңберінде жүзеге асырылатын болады», – ведомство басшысы.

Министрдің мәліметінше, бүгінде елімізде қуаттылығы жылына 510 мың тонна астықты терең өңдеу бойынша үш кәсіпорын жұмыс істейді. Өнім ассортиментіне крахмал, глютен, сірне және биоэтанол кіреді.

Қайта өңделген өнім үлесін арттыру үшін ағымдағы жылы 108,5 млрд теңге сомасына 40 жобаны іске асыру жүргізілді, оның ішінде 66,2 млрд теңге сомасына 29 жоба пайдалануға берілді. Нәтижесінде елімізде майлы дақылдарды, етті, жемістерді, жүнді қайта өңдеу қуаты ұлғайтылды, құрама жем өндірісі және басқалары енгізілді.

Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында 169 мың тонна майлы дақылдарды қайта өңдеу бойынша «Алтай-май» зауыты пайдалануға берілді. Ақтөбе облысында KAZFELTEK ЖШС 3,5 мың тонна жүнді қайта өңдеуді іске қосты. Солтүстік Қазақстан облысында GREEN GOLD ILYCHEVKA FACTORY ЖШС 500 мың тонналық жем зауытын, ал «Север Агро LTD» ЖШС 12 тонналық бие сүтін өндіру қондырғысын іске қосты. Түркістан облысында «Түлкібас жеміс-жидектері» ӘӨК 5 мың тонналық шырын өндіру қондырғысын, ал Kaz EcoMeat ЖШС 20 мың тонналық ет өндірісін іске қосты.

2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 2,5 мың жұмыс орнын құрумен 394 млрд теңге сомасына 50 жобаны іске асыру жоспарлануда.