Енді декреттегі әйелдерге зейнетақы жарнасы аударылмайды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы алатын әйелдерге мемлекет есебінен қосымша зейнетақы жарналары аударылмайды. Алайда жәрдемақының өзінен бұрынғыдай 10% міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) ұсталады.

Қазір бала күтіміне байланысты төлем бала туғаннан кейін 1,5 жасқа толғанға дейін тағайындалады. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Осы сомадан 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады.

Бұған дейін мемлекет декреттегі әйелдердің зейнетақы аударымдарын бұрынғы жалақысының 10%-ы деңгейінде сақтау үшін қосымша субсидия төлеп келген. Яғни жәрдемақыдан ұсталатын жарна мен бюджеттен берілетін қосымша төлемнің жиынтығы әйелдің декретке дейінгі орташа табысының 10%-на тең болатын.

Алайда Әлеуметтік кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес, 2027 жылдан бастап бұл субсидия тоқтатылады. Енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) тек бала күтімі бойынша төлемнен ұсталған 10% жарна ғана түседі.

Зейнетақы жарналары қаншаға азаяды?

Мысалы, әйелдің декретке дейінгі орташа жалақысы 500 мың теңге болса, бала күтімі бойынша ай сайынғы төлем 200 мың теңгені құрайды.

Осы сомадан 10%, яғни 20 мың теңге зейнетақы жарнасы ұсталады.

Бұрын мемлекет қосымша 30 мың теңге аударып, жалпы зейнетақы жарнасын 50 мың теңге деңгейінде сақтап келген. 2027 жылдан бастап бұл қосымша төлем тоқтайды.

Осылайша, мысалдағы әйелдің зейнетақы шотына ай сайын бұрынғы 50 мың теңгенің орнына 20 мың теңге ғана түседі. Айырмашылық – 30 мың теңге немесе 60%.