2026 жылы Қазақстанның Ұлттық қорының кірісі 759 млрд теңгеге азайып,  2025 жылғы 4 трлн 884 млрд 384 млн теңгеден 4 трлн 124 млрд 914 млн теңгеге дейін төмендейді. Қысқару 15,6% құрайды. Бұл кездейсоқ ауытқу емес, қордың кіріс базасының жүйелі түрде тарылуы. Оның басты себебі — салық түсімдерінің азаюы мен салықтан тыс көздердің жоғалуы, деп жазады Сұлтан Уәлиханов.

Қордың барлығы дерлік салықтар есебінен қалыптасады. 2026 жылы салық түсімдері 4 трлн 123 млрд 838 млн теңгені құрайды, яғни жалпы кірістің 99,97%-ы. 2025 жылы салық түсімдері 4 трлн 882 млрд 632 млн теңгеге жеткен болатын, бұл 758,8 млрд теңгеге немесе 15,5% қысқарғанын білдіреді. Басқа көздер — жер сату, активтер немесе айыппұлдар — өте аз, сондықтан жалпы көрініске әсер етпейді. Ұлттық қор, шын мәнінде, салық ағындарының айнасы: олар азайса, қор да солармен бірге қысқарады.

Негізгі төмендеу корпоративтік табыс салығына тиесілі. 2025 жылы ол қорға 1 трлн 687 млрд 729 млн теңге әкелген, ал 2026 жылы тек 1 трлн 427 млрд 706 млн теңге түседі деп болжанып отыр. Айырма — 260 млрд теңге немесе 15,4%. Корпоративтік салық — ең ірі компаниялардың, әсіресе шикізат саласындағы кәсіпорындардың пайдасының барометрі. Оның төмендеуі бизнес аз табыс тапқанын, ал мемлекеттің салық түрінде аз үлес алғанын білдіреді.

Екінші маңызды бап — табиғи және басқа ресурстарды пайдалану төлемдері. 2025 жылы бұл бағыт бойынша қорға 3 трлн 194 млрд 903 млн теңге түскен, ал 2026 жылы 2 трлн 696 млрд 132 млн теңге түседі деп болжанып отыр. Қысқару шамамен жарты триллион теңгені құрайды — дәлірек айтқанда, 498 млрл 771 млн теңге немесе 15,6%. Бұл абсолютті мән бойынша барлық баптык ішіндегі ең ірісі. Егер корпоративтік салық пен ресурстық төлемдердің төмендеуін біріктірсек, қордың 759 млрд теңгеге азаюының 758 млрд дәл осы екі көзге тиесілі болады. Демек, қор кірісінің бүкіл динамикасы осы екі ағынға тәуелді.

2025 жылы Ұлттық қордың құрылымында салықтан тыс түсімдер де болған — 691 млн теңге, негізінен мұнай секторы ұйымдарына салынған айыппұлдар мен өсімпұлдардан түскен. 2026 жылы бұл бап мүлде жойылады. Жаңа бюджетте «Салықтан тыс түсімдер» деген жол да жоқ. Қор тұрақты емес көздерді есепке алуды тоқтатады, құрылымын болжамдырақ, бірақ сонымен бірге тар етіп жасайды. Бір жағынан, бұл жоспарлауды жеңілдетеді; екінші жағынан — жүйені икемділіктен айырады.

Жер мен материалдық емес активтерді сатудан түсетін капиталдық түсімдер 2026 жылы 60 млн 793 мың теңгеден 76 млн 133 мың теңгеге дейін өседі, яғни 15 млн 340 мың теңгеге немесе 25,2% артады. Бұл пайыздық тұрғыдан айтарлықтай жақсы көрінеді, бірақ нақты көлемде мәні шамалы. Мұндай кірістердің үлесі екі жүзден бір пайыздан да аз. Бұл қордың жалпы жағдайына әсер етпейді.

Мемлекеттік қаржылық активтерді сатудан түсетін кіріс екі жыл қатарынан өзгеріссіз қалады — 2025 және 2026 жылдары 1 млрд теңгеден. Бұл — ел ішіндегі мемлекеттік үлестер мен акция пакеттерін сату. Бұл бап тұрақты, бірақ оның салмағы аз. Қор аясында ол экономикалық фактордан гөрі техникалық элемент ретінде көрінеді.

Барлық бапты біріктірсек, қордың құрылымы барынша шоғырланған болып көрінеді. 2026 жылғы 4 трлн 124 млрд теңге түсімнің 4 трлн 123 млрд — салықтар. Активтер мен жер сатудан түсетін табыс небәрі 1 млрд 76 млн теңге шамасында. Ұлттық қор толығымен дерлік корпоративтік сектор мен табиғи ресурстарға тәуелді салықтық механизм болып қала береді.

Формалды түрде мұндай құрылым тұрақты көрінеді. Алайда бұл болжамдылықтың артында жоғары тәуелділік жатыр. 2025 жылы салықтардың үлесі 99,96% болса, 2026 жылы ол 99,97%-ға дейін өседі. Бұл әртараптандыру емес, оның жоқтығын білдіреді. Салықтардың үлесі неғұрлым жоғары болса, қор да пайда мен өндіріс көлеміндегі сыртқы және ішкі ауытқуларға соғұрлым сезімтал болады. Корпоративтік салықтың бір пайыздық тармаққа төмендеуі Ұлттық қорда миллиардтаған шығынға әкелуі мүмкін.

Егер сандарды пропорцияға айналдырсақ, 2026 жылы Ұлттық қорға түскен әр 100 теңгенің шамамен 34 теңгесі корпоративтік салықтан, 65 теңгесі табиғи ресурстар үшін төлемнен, ал бір теңгеден аз бөлігі қалған барлық көздерден түседі.

Үш негізгі факт жалпы процесті көрсетеді. Біріншіден, Ұлттық қордың жалпы кірісі 759 млрд теңгеге азайып, 15,6% төмендейді. Екіншіден, корпоративтік салық пен табиғи ресурстар үшін төлемдер шамамен бірдей — 15% қысқарады. Үшіншіден: салықтан тыс кірістер толығымен жойылады, ал активтер мен жер сатудан түсім өзгеріссіз және көлемі бойынша елеусіз қалады. Соның нәтижесінде қор құрылымы одан әрі тарылып, бір ғана кіріс санатына — салықтарға тәуелді болады.