Дүниежүзілік банк Қазақстанның 2025 жылғы экономикалық өсімін 6,0% деңгейінде бағалаған еді. Бұл ҚР Үкіметінің 6,5%-дық болжамынан төмен болғанымен, ДБ сарапшыларының өткен жылғы маусымдағы болжамынан 1,5 пайыздық пунктке жоғары. Дегенмен, биыл және келесі жылы өсу қарқынының баяулауы болжанып отыр. Қаңтардағы баяндамаға сәйкес, Қазақстанның ІЖӨ өсімі 2026 жылы 4,5%-ды, ал 2027 жылы 3,9%-ды құрайды. Бұл тежелу 2025 жылғы «жоғары база» әсеріне және мұнай өндіру көлемінің тұрақтануына байланысты. Қазақстан өңірдегі жетекші экономикалардың бірі болып қалса да, еліміздің өсу қарқыны Орталық Азия бойынша орташа көрсеткіштен 0,5 п.п. төмен болады. 2025–2026 жылдардағы өсім негізінен ресурстар өндірудің артуымен қолдау табады, бірақ 2026 жылы өндірістің тұрақтануы тежеуші факторға айналмақ. Экономиканы инфрақұрылымға және тұрғын үй құрылысына салынатын мемлекеттік инвестициялар, сондай-ақ несиелеу есебінен ынталандырылатын тұрақты жеке тұтыну қолдап отыр. Қазақстандағы инфляция 5%-дық нысаналы деңгейден жоғары қалып отыр. Ол 2026 жылы 9,7%-ға дейін, 2027 жылы 8,5%-ға дейін біртіндеп төмендейді деп болжануда. Бағаға бюджет шығындының ұлғаюы мен теңге бағамының құбылмалылығы қысым жасап тұр. Негізгі тәуекел — әлемдік мұнай бағасының төмендеуі, бұл экспорттық түсім мен бюджет кірістеріне тікелей соққы болып тиеді.

Әлемдік экономика саудадағы шиеленіс пен саяси белгісіздіктің күшеюіне қарамастан, айтарлықтай төзімділік танытты. Өткен жылы экономикалық белсенділік сауда тауарлары қорларының жиналуымен, тәуекелге деген жоғары бейімділікпен және жасанды интеллектке жұмсалатын шығындардың күрт өсуімен қолдау тапты. Күтілгеннен жоғары болған өсу қарқыны 2020 жылғы рецессиядан кейінгі бес жылдық жаһандық қалпына келу кезеңін аяқтады, бұл кейінгі алты онжылдықта баламасы жоқ көрсеткіш. Дегенмен, қалыптасып келе жатқан нарығы бар және дамушы елдер әлі де артта қалып отыр.

Жалпы, ДБ бағалауы бойынша, 2025 жылы жаһандық өсім орташа есеппен 2,7% болды, бұл маусымдағы болжамнан 0,4 пайыздық пунктке жоғары. 2026 жылы қолдаушы факторлардың әлсіреуіне байланысты өсу қарқыны 2,6%-ға дейін төмендейді деп болжануда. Ал 2027 жылы ақша-несие саясатының жұмсаруы мен саудадағы белгісіздіктің азаюы нәтижесінде өсім 2,7%-ға дейін қайта көтерілуі мүмкін.

Экономикалық белсенділіктің тежелуі, соның ішінде Қытайдағы өсімнің баяулауы 2026 жылы энергия тасымалдаушылар мен өнеркәсіптік шикізатқа деген сұранысқа қысым жасайды. Шикізат бағасы 2026 жылы 7% төмендейді деп болжануда, бірақ ол бәрібір 2015–2019 жылдардағы орташа мәннен 20% жоғары болып қала береді. 2027 жылы мұнай нарығындағы ұсыныстың ребалансталуына байланысты шикізат бағасының 4% өсуі күтіледі.

Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2025 жылы барреліне 69 доллар болды, ал 2026 жылы ол 60 доллар деңгейіне дейін түседі деп болжануда. Келесі жылы ұсыныстың артуы сұраныстан озып кететіндіктен, бағаға төмендеу қысымы жасалады. Әлемдік мұнай тұтыну 2026 жылы тәулігіне шамамен 0,7 млн баррельге өседі — бұл пандемияға дейінгі деңгейден екі есе баяу. ОПЕК+ өндірісінің ұлғаюын ескерсек, 2026 жылы мұнай нарығы ұсыныстың айтарлықтай артықшылығына тап болуы мүмкін.

Мұнай бағасының төмендеу тәуекелі жоғары, бұл ОПЕК+ және АҚШ-тағы тақтатас мұнайы өндірісінің артық болуына байланысты. Керісінше, егер ОПЕК+ өндірісті ұлғайтудан бас тартса немесе Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай мен Украинадағы соғысқа байланысты санкциялар күшейсе, баға өсуі мүмкін.

Табиғи газ нарығында Еуропа мен АҚШ бағалары екі бөлек бағытта дамиды: АҚШ-та баға 11%-ға өседі (экспорттың артуына байланысты), ал Еуропада Ресей газынан бас тартып, СТГ (СПГ) қолжетімділігінің артуы есебінен баға дәл осындай көлемде төмендейді.

Металл бағасы 2026–2027 жылдары негізінен тұрақты болады деп күтілуде: «жасыл» энергетикаға қажетті материалдарға сұраныс Қытайдағы әлсіз өнеркәсіптік белсенділікті өтейді. Алтын бағасы 2025 жылы инвесторлар мен орталық банктердің сұранысы есебінен 42% өсті. Геосаяси шиеленіс пен саяси белгісіздік алтын бағасын алдағы екі жылда да жоғары деңгейде ұстап тұрады деп болжануда.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы 2026–2027 жылдары қалыпты түрде төмендейді. Азық-түлік бағасы тұрақты болады, ал какао мен кофе сияқты сусындардың бағасы 2025 жылғы рекордтық деңгейден төмендегенімен, тарихи тұрғыда жоғары деңгейде қала береді.