Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстан экономикасының 2025 жылғы өсімін 5,7% деңгейінде болжайды. Бірақ 2026 жылы ІЖӨ өсімі 4,5%-ға дейін баяулауы ықтимал. Сарапшылардың айтуынша, негізгі қауіптер – мұнай транзитінде Ресей инфрақұрылымына тәуелділік пен шикізат бағасының құбылмалылығы.
2025 жылы экономикаға ең үлкен серпін беріп отырған сала – Теңіз кен орнындағы өндірістің артуы. Алты айдың ішінде мұнай өндіру көлемі 11,6% өсті. Бұл көрсеткіш өнеркәсіп, құбыр көлігі және көтерме сауданың дамуын қолдады.
Құрылыс пен тұтынудың рөлі
Құрылыс секторы да рекордтық қарқынға шықты: 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өсім 18,4% болды. Бұған инфрақұрылымдық жобалар, коммуналдық желілерді жөндеу, тұрғын үй және білім беру нысандарының құрылысы ықпал еткен.
Сонымен қатар ішкі тұтыну мен инвестициялар экономикалық белсенділікті сақтап отыр. Тұтынушылық шығындардың жоғары болуы несиелендіру көлемінің 31% артуымен түсіндіріледі.
Аймақтық контекст
ЕҚДБ болжамынша, Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия елдерінің экономикасы 2025 жылы орта есеппен 6,1% өседі. Бұл көрсеткішті өнеркәсіптік өндірістің жоғары қарқыны, ішкі сұраныстың тұрақтылығы, инвестициялар мен жалақы өсімі қамтамасыз етпек.
2026 жылы аймақ бойынша өсім баяулап, 5,2% болуы мүмкін. Банктің бағалауынша, негізгі тәуекелдер – шикізат нарығындағы тұрақсыздық, еңбек мигранттарының ақшалай аударымдарына тәуелділік және Ресей мен Қытай нарықтарына шектен тыс тәуелділік.