2026 жылы «Қазақстан темір жолы» пойыздары мен Air Astana ұшақтарында спутниктік интернет қолжетімді болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда спутниктік интернеттің үш операторы жұмыс істеп тұр. Жақын арада нарыққа тағы екі шетелдік компания кіреді. Пилоттық сынақтарды 2026 жылы өткізу жоспарланған. Әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен туристік аймақтар мен жетуі қиын жерлерді спутниктік интернетпен қамтуы керек.
Сонымен қатар Мәдиев Қазақстанда автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамту жобасы басталғанын айтты. Бұл жоба республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды қамтиды. Жұмысты алдағы екі жылда аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, елімізде 5G базалық станцияларын орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір бұл желі 20 қалада қолжетімді, билік олардың аумағының 75%-ын қамтуды көздеп отыр.
Министр Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар екенін де айта кетті.
«Оның ішінде 3 мыңнан астам ауыл биыл және келесі жылы талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Осылайша, халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді», – деді Мәдиев.
Ауылдарға интернет тартумен қатар, әр үйге талшықты-оптикалық желі жүргізу жұмыстары да жүріп жатыр. «Соңғы миль» деп аталатын бұл жоба аясында 400 мың үйге дейін оптикалық желі салу қарастырылған. Бұл қосымша 2,5 млн адамды қамтуға мүмкіндік береді деп уәде берді министр.