Ұлттық банктің нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер арасында жүргізген сауалнамасына сәйкес, 2026 жылы доллардың орташа бағамы 535 теңге деңгейінде болады деп болжанып отыр.
Бұл болжам қатарынан төртінші рет жақсарып отыр. Мәселен, 2026 жылғы қаңтардағы сауалнама қорытындысы бойынша орташа жылдық бағам 537 теңге болады делінсе, 2025 жылдың қарашасында – 548,2 теңге, ал қазан айында 552 теңге болады деп болжанған еді.
Нарықтағы бұл оптимизм ұзақ мерзімді болжамдарға да әсер етті. Сауалнамаға қатысушылар 2027 жылы орташа бағам бір доллар үшін 555,1 теңге деңгейінде қалыптасады деп отыр. Қаңтар айындағы болжаммен салыстырғанда көрсеткіш 4,4 теңгеге төмендеді.
Айта кетерлігі, 2025 жылдың қазан айында 2027 жылға арналған бағам тіпті 568 теңге болады деп болжанған болатын — бұл аталған кезең бойынша болжамдар тізбегіндегі ең жоғарғы мән еді.
Ал 2028 жылға келетін болсақ, доллар 578 теңге деңгейінде қалыптасты — бұл алдыңғы сауалнама қорытындысынан 2 теңгеге аз. 2028 жылға арналған бағам бойынша сауалнама әзірге екі рет қана жүргізілгендіктен, нарықтың бұл кезеңге қатысты көзқарасының динамикасын бағалау әлі мүмкін емес.
Айта кетсек, Freedom Broker сарапшылары наурыз айында теңге бағамы бір доллар үшін 504 теңгеге дейін әлсірейді деп болжады.
Ал BCC Invest сарапшылары жыл соңында доллар 553 теңге болады деп болжам жасады.