Қолданбалы экономика зерттеулері орталығы (AERC) 2026 жылға арналған жаңартылған макроэкономикалық болжамын ұсынды. Сарапшылардың пайымдауынша, доллардың орташа жылдық бағамы 546 теңге болады, ал тұтынушылық инфляция 9,5%-ға дейін жеделдейді.
AERC деректеріне сәйкес, ұлттық валюта 2025 жылды долларына орташа есеппен 521,59 теңгемен аяқтады (бұл орталықтың бұрынғы болжамдарымен сәйкес келді). Жыл соңындағы теңгенің нығаюын сарапшылар жаһандық деңгейде доллардың әлсіреуімен байланыстырады.
2026 жылға арналған болжам аздап жақсарды: бұған дейін доллар 551,36 теңге болады деп күтілсе, енді бұл көрсеткіш 546 теңге деп көрсетілген. Бұл оптимизмге Brent маркалы мұнай бағасы болжамының көтерілуі себеп болған. Дегенмен, мұнай қымбаттағанымен, бағам 2025 жылмен салыстырғанда әлсіз болып қала береді.
Инфляция
2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3%-ды құрады. Осыған байланысты Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын ұстанып, базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде сақтап отыр.
2026 жылға қатысты AERC инфляция болжамын 8,6%-дан 9,5%-ға дейін нашарлатты. Сарапшылар бағаның өсуіне әсер ететін үш негізгі факторды атап өтті: Теңгенің долларға қатысты әлсіреуі; жанар-жағармай бағасының либерализациясы (бағаның одан ары өсуі күтіледі); Екінші жартыжылдықтан бастап коммуналдық қызмет тарифтерінің көтерілетіні.
Сондай-ақ, шикізаттың қымбаттауына байланысты өнеркәсіптік инфляция да 4,5%-ға дейін (бұрын 4,2% болатын) өседі деп болжанып отыр.
Айта кетсек, Halyk Finance талдаушылары жыл соңында доллар 590 теңгеге дейін барады деп болжап отыр.