Биылғы 16 қазаннан бастап барлық тұтынушылар тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылады. Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығындарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте ТКШ жүйесі нысандарында жоспарланған барлық жөндеу жұмысы белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Айта кету керек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі қолданылады.
«Үкімет халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, экономиканы жақсартуға бағытталған шаралар кешенін әзірледі. Бірінші кезекте 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тарифтердің өсуін тежеу мәселесі қозғалады. Біз электрмен, жылумен жабдықтау, сумен, кәріз және газбен жабдықтау сияқты коммуналдық қызметтер туралы айтып отырмыз. Бұл өмірлік маңызды салалар. Осы орайда біз аталған қызметтердің тиісті сапасын, барлық инвестициялық іс-шаралардың орындалуын және ТКШ инфрақұрылымының тұрақты, үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеміз», – деді экономика вице-министрі Арман Дарбаев.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үшін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайту арқылы тұрақтандыру қорларының жұмысына қосымша серпін беріледі, бұл өз кезегінде ӘМАТ санатына жататын өнімдер бағасының төмендеуіне әкеледі.
Делдалдық схемаларды және сауда үстемелерін асыра қосу фактілерін анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысын күшейтуге ерекше назар аударылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту және еліміздің экономикалық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын әрі қарай тұрақтандыру үшін берілетін қаржыны екі есе ұлғайтып, тұрақтандыру қорларының жұмысын күшейту жоспары бар. Аймақтағы комиссиялар негізсіз делдалдарды анықтап, бағаны көтеріп жіберетіндерді алып тастауға ерекше назар аударады. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ай сайын өңірлерге тікелей сиыр етін жеткізу ұйымдастырылуда. Сонымен қатар отандық өндірушілер және сауда желілерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бөлшек сауда бағасын бекіту жөнінде өндірушімен меморандум жасалады. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы түрде жалғасады», — деді ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Айта кетсек, Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту бағытында шаралар қабылдап жатыр. Премьер-министр Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен мемлекет басшысының азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді.
17 қазанда президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаевтың Премьер-министр Олжас Бектеновке осы аптаның соңына дейін азаматтардың мүддесін ескере отырып, Үкіметтің экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру үдерісін реттеуге қатысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырғанын айтты. Үкіметке шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған түзетулер енгізіп, қажетті шешімдер қабылдау міндеті жүктелді.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі параметрлері Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді, сонымен қатар онда жаһандық конъюнктура мен қазіргі нарықтық үрдістер ескерілген деп санайды», – деп жазған еді Руслан Желдібай.