Қазақстанның ұлттық атом компаниясы Қазатомпром 2025 жылдың қаржылық нәтижелерін жариялады. Компания көрсеткіштері аралас динамиканы көрсетті: өндіріс пен сатылым өскенімен, таза пайда айтарлықтай төмендеген.

2025 жылы компанияның табысы 1% қысқарып, 1,8 трлн теңгені құрады. Ал таза пайда 29% азайып, 807 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Сонымен қатар операциялық көрсеткіштер оң динамика көрсетті:

  • уран өндірісі 11% өсті;
  • сатылым көлемі де 11% артты.

Компания есебінде таза пайдаға 2024 жылғы жоғары база әсер еткені атап өтілген. Бұл, негізінен, біржолғы факторлармен байланысты. Нақтырақ айтқанда, 2024 жылы «СП Буденовское» ЖШС активтерін қайта бағалау нәтижесінде шамамен 295,7 млрд теңге көлемінде қосымша табыс танылған.

Осы біржолғы табысты есепке алмағанда, компанияның негізгі қаржылық жағдайы тұрақты екенін байқауға болады. Мәселен, EBITDA көрсеткіші 2025 жылы 11% өсіп, 872 млрд теңгеге жеткен.

Сарапшылардың пікірінше, бұл нәтижелер компанияның операциялық тиімділігі сақталғанын, ал пайдадағы төмендеу көбіне техникалық база әсерімен байланысты екенін көрсетеді.