ҚазМұнайГаз зауыттары 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік көрсеткіштердің ең жоғары тарихи межесіне жетті, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Жедел деректер бойынша отандық мұнай өңдеу зауыттары 13,6 млн тонна жеңіл мұнай өнімдерін өндірді. Бұл 2024 жылғы деңгейден 1,18 млн тоннаға артық және 2023 жылғы көрсеткіштерден 1,55 млн тоннадан асып түсті.
2025 жылы өңделген шикізаттың жиынтық көлемі 17,46 млн тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 0,7 млн тоннаға көп болды.
Операциялық тиімділікті арттыру есебінен барлық мұнай өңдеу зауытында жеңіл мұнай өнімдерінің өнімділігі 78% жетті, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 4% жоғары. Жыл қорытындысы бойынша мұнай өңдеу тереңдігі 90% құрады (2024 жылмен салыстырғанда өсім – 2,6%).
Негізгі жетістіктердің бірі – дизель отыны 6,14 млн тоннадан асатын рекордтық деңгейде өндірілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 850 мың тоннаға артық. Сонымен қатар бензин өндіру көлемі 400 мың тоннаға ұлғайды, бұл ішкі нарықтың қажетін қамтамасыз етуге және елімізде отын тапшылығын болдырмауға мүмкіндік берді.
Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ-ның мұнай өңдеу зауыттары жоғары өндірістік нәтижеге қол жеткізді:
Атырау МӨЗ-де 5,47 млн тонна мұнай өңделіп, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 77% құрады. Атырау МӨЗ-і 1,8 млн тонна автобензин және 1,9 млн тоннадан астам дизель отынын өндірді. Өңдеу тереңдігі – 88%.
2025 жылы тоқтаусыз жұмыс істеген Шымкент МӨЗ 6,23 млн тонна мұнай өңдеді. Жеңіл мұнай өнімдерін өндіру деңгейі 82% құрады. Кәсіпорын 2,28 млн тоннадан аса бензин және 2,1 млн тоннадан аса дизель отынын шығарды. Өңдеу тереңдігі – 88%.
Павлодар мұнай-химия зауытында мұнай өңдеу көлемі 5,76 млн тонна болса, жеңіл мұнай өнімдерінің өнімділігі 74,3% асты. Зауыт 1,7 млн тоннаға жуық автобензин және 2,1 млн тоннадан аса дизель отынын өндірді. Кәсіпорында өңдеу тереңдігі 94% жетті.