10 мың гектардан артық 115 шаруашылықта мүлде мал жоқ

10 мың гектардан артық 115 шаруашылықта мүлде мал жоқ

Ауыл шаруашылығы министрлігінде ауыл халқын жыл бойы жұмыспен қамту шаралары талқыланды

Вице-министр Азат Сұлтановтың айтуынша, Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес ғалымдармен бірлесіп, еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ірі жер пайдаланушылар базасында мал шаруашылығын дамыту әлеуетіне талдау жүргізілген.

Атап айтқанда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары секілді дәнді дақылдар егетін аймақтарға ерекше көңіл бөлінген. Бұл өңірлерде егістік көлемі 10 мың гектардан асатын 401 шаруашылық тіркелген, олардың 115-інде мал шаруашылығы мүлде жоқ.

Ғалымдардың ұсынымына сәйкес, 10 мың гектар және одан да үлкен алқапта өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын тиімді үйлестіруге толық мүмкіндік бар.

Министрлік мамандарының пікірінше, ауыл шаруашылығында арнайы мал шаруашылығы нысандарын — сүт-тауар фермаларын, бордақылау алаңдарын, шошқа және құс фермаларын құру қажет.

Жер кодексі мен «Жайылымдар туралы» заңда жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға қатысты міндетті нормалар көзделген. Оған сәйкес, жайылымның жалпы жүктемелік сыйымдылығының кемінде 50%-ын қамтитын мал басының болуы міндетті.

Қоғамдық кеңестің төрағасы Геннадий Зенченко ауылдық жерлерден, әсіресе жастардың қалаға жаппай көшуі мәселесіне ерекше тоқталды.

«Жастардың ауылдан кетуі — бұл өте маңызды мәселе. Біз кадр тапшылығына жол бермей, ауыл аумақтарын сақтау үшін ынталандыру шараларын қарастыруымыз керек», — деді ол.

Кеңеске қатысушылар бастамаларды агробизнес өкілдерімен, ғылыми қауымдастықпен және салалық қауымдастықтармен кеңінен талқылаудың маңыздылығын қолдады.

«Біз ашық диалогқа дайынбыз және мал шаруашылығын орнықты дамыту мен жер ресурстарын ұтымды пайдалану үшін тиімді тетіктерді бірлесіп әзірлеуге ниеттіміз», — деп қорытындылады министр.