Автор: Турал Алиев, Freedom Finance Global сарапшысы
Нарық қай модельдің ақылдырақ екенін талқылап жатқанда, ақша мүлдем басқа, қарапайым салаларға кетіп жатыр. Серверлік бағандарға, электр беру желілеріне және салқындату жүйелеріне. Жасанды интеллектінің ең танымал өнімдері әзірге оның ең табысты бизнесіне айнала қойған жоқ. Негізгі қаржы ағынын осы өнімдердің іске қосылуын қамтамасыз ететін компаниялар иеленіп отыр.

Үдеткіштерді жеткізуші үшін бұл әбден қалыптасқан және өте табысты нарық. Ал оның клиенттері үшін бәрі енді ғана басталып жатыр. Оларға әлі чиптердің өздерін, ғимараттарды, желілік жабдықтарды, салқындату мен электр қуатын ақтау керек болады. NVIDIA-ның жоғары маржасы тек тапшылыққа ғана сүйеніп тұрған жоқ. Үдеткіштер желілік жабдықтармен, кітапханалармен және CUDA-мен бірге жұмыс істейді. Жеткізушіні ауыстыруға болады, бірақ бұл бағдарламалық ортаның бір бөлігін қайта жасауды және жұмыс жүктемесін басынан бастап баптауды талап етеді. Сұранысты пайымдау модельдері де арттырып отыр. Бұған дейін негізгі есептеулер оқыту процесіне кетсе, енді әрбір күрделі жауап та қымбатқа түсуде.
TSMC тынышырақ жағдайда табыс тауып отыр және сәулеттер туралы дауға дерлік қатыспайды. Ол чиптерді NVIDIA үшін де, оны өз әзірлемелерімен алмастыруға тырысып жатқан компаниялар үшін дәл солай шығарады.

Егер нарық әмбебап үдеткіштерден тапсырыспен жасалатын үдеткіштерге аусса да, өндірістің басым бөлігі бәрібір оның фабрикаларында қалады.
Broadcom осындай баламаны қажет ететін бұлттық компаниялардан тапсырыстарды алып та жатыр.

Чиптер арасындағы бәсекелестік әзірге инфрақұрылымдық жарысты арзандата қойған жоқ. Ол тек бұлттық жүйелер ақша төлеуге дайын жаңа жеткізушілерді ғана қосты.
Дегенмен, қазіргі көшбасшылардың да осал тұсы бар. Жабдықтар өндірісі әрдайым циклмен қозғалады. Тапшылық клиенттерді қажеттіліктен артық тапсырыс беруге және қуаттылықтарды алдын ала брондауға мәжбүр етеді. Жеткізілім сұранысты қуып жеткенде, мұндай тапсырыстардың бір бөлігі жоғалады, ал бағаға қысым түседі. NVIDIA бағдарламалық ортамен әдеттегі чип өндірушісіне қарағанда жақсырақ қорғалған, бірақ ол үшін де бұлттық технологиялардың сатып алынған жабдық ескіргеннен гөрі тезірек құрыла беруі маңызды.
Үдеткіштерден кейін көршілес компоненттер де қымбаттады. Micron-ның HBM, жоғары сыйымдылықты DIMM және серверлік LP DRAM-нан түскен табысы 2025 қаржы жылында 10 миллиард долларға жетіп, бес еседен астам өсті.. Қазіргі заманғы модельдер жад пен процессор арасында үнемі үлкен көлемдегі деректерді тасымалдап отырады. Жылдам жад болмаса, қымбат үдеткіш бос тұрып қалады, сондықтан одан үнемдеу мүмкін емес.

Бұдан әрі нарықтың онша байқала бермейтін бөлігі келеді. Arista желілерді сатады, Vertiv қуаттандыру және салқындату жүйелерін салады, Eaton электротехникалық жабдықтарды жеткізеді. GE Vernova дата-орталықтар үшін 2 миллиард доллардан астам тікелей тапсырыс алды, бұл бір жыл бұрынғыдан үш есе көп. Бұл топта шулы презентациялар аз, есесіне сұраныс жаңа алаңдардың құрылысымен тікелей байланысты.
Ең қолайсыз шектеу электр энергиясы болып отыр. Халықаралық энергетикалық агенттік дата-орталықтардың тұтынуы 2024 жылғы 415 ТВт·сағ-тан 2030 жылға қарай шамамен 945 ТВт·сағ-қа дейін өседі деп күтеді. Әлемде электр энергиясы жеткілікті, бірақ ол әрдайым жаңа дата-орталық салынбақшы болған жерден табыла бермейді. Шамадан тыс жүктелген аймақта желіге дайын қосылымның құны қазірдің өзінде сәтті жер телімімен бірдей бағаланады.
Электр инфрақұрылымы серверлерге қарағанда баяу ескіреді. Үдеткіш бірнеше жылдан кейін жаңа буынға жол береді, ал қосалқы станция, беру желісі және салқындату жүйесі машиналардың бірнеше буынына қызмет көрсете алады. Мұндай жабдықты жеткізушілер үшін бұл ыңғайлы позиция. Оларға кімнің моделі жеңетінін болжаудың қажеті жоқ. Жалпы есептеулер көлемінің өсуін жалғастыруы үшін бұл жеткілікті.
Бұлттық компаниялар осы тапсырыстардың екінші (қарама-қарсы) жағында тұр. Олар да ЖИ-ді сатады және табыстарын жылдам арттырып келеді. Microsoft-тың ЖИ-бизнесінен түсетін жылдық табыс қарқыны 2026 жылдың ІІІ тоқсанында 37 миллиард доллардан асты. ІІ тоқсанда Amazon өзінің Graviton, Trainium және Nitro-ны қоса алғанда, меншікті чиптер бизнесінің жылдық табыс қарқыны 25 миллиард доллардан асқанын хабарлады. Google Cloud-тың генеративті модельдермен байланысты өнімдерінің сатылымы соңғы есепті тоқсандардың бірінде шамамен 400%-ға өсті. Бірақ бұлттық табыс оны құруға жұмсалатын шығындармен бірге өсіп келеді.



Бұлттық технологиялар экономикасын жүктеме шешеді. Клиенттер кезекте тұрған дата-орталық тіпті алғашқы шығындары үлкен болса да, жақсы қайтарым әкеле алады. Бос тұрған үдеткіштер жылдам амортизацияланып, капиталды шығындауды жалғастыратын қымбат металға тез айналады. Бұлттық компанияларға инфрақұрылымды алдын ала салуға тура келеді, өйткені қосу және монтаждау жұмыстары ұзақ жылдарға созылады. Нәтижесінде олар қуаттылықтың жетіспеушілігінен де, шамадан тыс көп салып қою тәуекелінен де бірдей қорқады.
Инвесторларға тек сұранысты ғана емес, сонымен бірге жабдықтың қызмет ету мерзімін де бағалауға тура келеді. Сервер қаншалықты ұзақ уақыт пайдалы актив ретінде есептелсе, ағымдағы амортизация соғұрлым аз болады. Бұл ретте, үдеткіштердің жаңа буыны бір есептеуге шаққанда айтарлықтай арзанға түсуі мүмкін. Ондай жағдайда ескі жабдықты арзанырақ бағаға жалға беруге немесе қарапайым тапсырмаларды орындауға ауыстыруға тура келеді. Бұлттық провайдерлердің салған дата-орталықтарынан ақыр соңында қандай пайда алатыны осыған байланысты.
Amazon, Google және Microsoft өз процессорларының көмегімен шығындарды азайтуға тырысуда. Олардың ауқымында бұл қадамның қисыны бар. Бірақ тәуелсіздікпен бірге олар жобалауға, бағдарламалық қолдау көрсетуге жұмсалатын шығындарды және толық жүктелмеген қуаттылықтарды да қоса алады. Тапсырыспен жасалған чип ұқсас тапсырмалардың ауқымды ағынында жақсы жұмыс істейді. Шағын клиент үшін әмбебап үдеткіш көбіне ыңғайлы әрі арзан болып қала береді.
Модельдерді әзірлеушілер бұдан да күрделі жағдайда отыр. OpenAI және Anthropic компанияларының табысы өсіп келеді, бірақ сонымен бірге үлгілерді үйретуге, зерттеушілерге және пайдаланушыларға қызмет көрсетуге арналған шоттар да өсуде. Тегін аудитория өнімнің жылдам таралуына көмектеседі, сонымен қатар оның әрбір сұранысы есептеулерді талап етеді. Мұнда үлкен пайдаланушылар базасы бір уақытта артықшылық та, шығын көзі де болуы мүмкін.
Баға тәртібін сақтап тұру қиын. Жаңа үлгі бәсекелестер үшін тез арада бағдарға айналады, ал ашық әзірлемелер сапа алшақтығын қысқартады. Корпоративтік клиент тапсырмалардың бір бөлігін арзанырақ үлгіге ауыстырып, қымбат үлгіге тек күрделі сұраныстарды ғана қалдыра алады. Әзірлеушілерге бағаны ақтау үшін өнімді жүйелі түрде жетілдіріп отыруға тура келеді, дегенмен әрбір жаңа буын есептеулер мен зерттеулердің кезекті раундын талап етеді.
Бір сұраныстың арзандауы экономиканы әрдайым құтқара бермейді. Үлгі қолжетімді бола бастаған бойда, адамдар ұзын мәтінмәнді, пайымдауды және агенттік сценарийлерді қолдана бастайды. Бір тапсырма үлгіге бірнеше рет жүгіну сериясына бөлінеді. Бөлек есептеудің бағасы төмендейді, бірақ есептеулер саны көбейеді. Қорытынды шот өсуін жалғастыра беруі мүмкін.
Сондай-ақ өзара қаржыландыру мәселесі де бар. Чип өндіруші үлгіні әзірлеушіге инвестиция салады. Әзірлеуші бұлттық провайдерден қуаттылықтарды сатып алады. Бұлттық провайдер жаңа үдеткіштерге тапсырыс береді. Бұл тізбекте нақты сатылымдар бар, бірақ ақша жиі бір инвестициялық цикл қатысушыларының арасында қозғалады. Тәуелсіз клиенттің шығындары оның өз бизнесі есебінен ақтала бастағанда ғана нарық тұрақты болады.
Алғашқы ірі сомалар қолданбалы бағдарламалық жасақтамада көріне бастады. Accenture компаниясы 2025 қаржы жылында генеративті және агенттік ЖИ-ден 2,7 миллиард доллар табыс тапты. Жаңа тапсырыстар көлемі 5,9 миллиард долларға жетті. Palantir америкалық коммерциялық табысын екі есе арттырды, ал Salesforce Agentforce-тың қайталанатын табысы 1 миллиард доллардан асты.
Бұл көрсеткіштерді тікелей салыстыру қиын. Бір корпоративтік жоба бұлттық провайдерге де, бағдарламаны жеткізушіге де, оны енгізуші консультантқа да табыс әкеледі. Және олардың әрқайсысы бұл табысты ЖИ-мен байланысты деп атай алады. Акционер үшін басқа нәрсе маңыздырақ: өнім қымбаттады ма, жаңа клиент келді ме, қызмет көрсету шығындары азайды ма? Бұларсыз ЖИ бар жазылымды сақтап тұруға көмектескенімен, міндетті түрде жаңа пайда көзін жасамайды.
Сатып алушыда ЖИ-ге арналған бөлек, шексіз бюджет сирек пайда болады. Шығындар әдетте басқа бағдарламалардан, консалтингтен немесе қызметкерлерді жалдаудан жырымдалып алынады. Жеткізуші ЖИ-сатылымының жылдам өсімін көрсете алғанымен, оның клиентпен жасасқан жалпы келісімшартында ештеңе өзгермеуі мүмкін. Сондықтан нарық уақыт өте келе бар табысының бір бөлігінің атын жай ғана өзгерткен компаниялар мен бағаны шынымен көтере алған немесе жұмыс көлемін кеңейте алған компанияларды ажырата бастайды.
Ең сенімді жобалар — нәтижесі ақшалай көрінетін жобалар. Банк алаяқтықтан азырақ шығындалады. Зауыт жабдықты сирегірек тоқтатады. Оператор сұранысты жылдамырақ жабады. Бұл жерде құндылықты модельдің өзі емес, оның жұмыс процесіндегі орны жасайды. Сондықтан пайданың бір бөлігі әмбебап көмекшіні әзірлеушіге емес, деректердің иесіне және клиентпен қарым-қатынас орнатқан тарапқа бұйыруы мүмкін.
Өнімділіктің зертханалық көрсеткіштері қазірдің өзінде мықты көрінеді. Stanford AI Index мәліметінше, клиенттерді қолдау қызметінде 14-15%-ға, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуде 26%-ға және жекелеген маркетингтік тапсырмаларда 50%-ға өсім байқалған. Тұтас компания деңгейінде алғанда, бұл көрініс әлдеқайда қарапайым. McKinsey мәліметінше, ұйымдардың тек 5%-ға жуығы ғана бір уақытта өз пайдасының пайыздар мен салықтарға дейінгі 5%-дан астамын ЖИ-мен байланыстырған және оның айтарлықтай құндылығын атап өткен.
Себебі қарапайым. Үнемделген минуттарды әлі ақшаға айналдыру керек. Егер қызметкер бұрынғы жұмысын тезірек орындаса, бірақ оның жүктемесі мен міндеттері өзгермесе, компания жаңа пайда емес, тек ыңғайлы құралға ие болады. Бұған қоса, интеграцияны, деректерді тазартуды, қолжетімділікті бақылауды және жауаптарды тексеруді төлеуге тура келеді. Дәл осы кезеңде көптеген әсерлі пилоттық жобалар өзінің алғашқы тартымдылығын жоғалтады.
Бүгінгі таңда ЖИ-ден ең көп табыс тауып отырғандар — NVIDIA, TSMC және Broadcom. Олардан кейін жад, желі, қуат көзі, салқындату және энергетикалық жабдықтарды жеткізушілер келеді. Бұлттық провайдерлер ЖИ-сервистерін қазірдің өзінде сатып жатыр, бірақ әзірге инфрақұрылымға орасан зор қаражат жұмсауда. Модельдерді әзірлеушілер бүкіл тізбектегі сұранысты қамтамасыз етті, дегенмен олар өздерінің тұрақты маржасын әлі де дәлелдеуі керек. Әзірге бәрі қарапайым құрылған. Тапшы жабдықты сатушылар ақшаны жеткізу кезінде алады, ал қалғандары кейінірек табыс табу мүмкіндігін сатып алуда.