Үкімет салықты көбейтейін деп отыр

Үкімет салықты көбейтейін деп отыр

Қаржы министрі Мәди Тәкиев салық салу базасын кеңейту және ірі салық төлеушілерді бақылау арқылы бюджет кірісі ұлғайтылатынын айтты.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігінің басшысынан ведомство бюджет кірісін арттыру үшін не істейтінін сұрады.

«Біріншіден, биыл Мемлекеттік кірістер комитетіне валюталық бақылау бойынша жаңа функция ұсынылды. Сондай-ақ, жаңартылған трансферттік бағалар туралы заң шеңберінде және жаңа функцияға сәйкес біз ірі салық төлеушілерді басқаруды күшейтеміз. Екіншіден, біз де цифрландыру арқылы салық базасын кеңейтеміз. Ең маңызды басымдық – салық тәртібін арттыру», – деп жауап берді Мәди Тәкиев.

2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің шығыны 26,8 трлн теңгені, кірісі 24,9 трлн теңгені құрады. Бұл айырмашылық бір жылдағы бюджет тапшылығының 30% артуына әкелді, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігі.

Мемлекеттік бюджет кірісі өткен жылмен салыстырғанда 23,1% өсті. 24,9 трлн теңгенің төрттен үш бөлігі салық түсімінен (18,9 трлн теңге) түскен. Бұл негізінен КТС (5 трлн теңге) және ҚҚС (5,7 трлн теңге). Ұлттық қордан түскен трансферттердің үлесі 16%-ды (4 трлн теңге) құрады.