Шығыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарында өнеркәсіп құлдырап кетті

Шығыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарында өнеркәсіп құлдырап кетті

Арслан Аронов – Halyk Finance Сараптамалық орталық

2025 жылдың қаңтар–маусым айларында өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға өсті. Өсімнің негізгі көзі – кен өндіру өнеркәсібі, ол жылдық есептеуде 8,4% ұлғайып, жалпы өнеркәсіп көлемінің 45,6%-ын құрады. Қалған үлес өңдеу өнеркәсібіне (47,3%), электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен қамтамасыз етуге (6,3%), сондай-ақ сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою секторына (0,8%) тиесілі.

Кен өндіру өнеркәсібі Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі бола отырып, ЖІӨ-нің шамамен 12%-ын қамтамасыз етеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл сала өсім қарқынының айтарлықтай жеделдеуін көрсетті. Саланың өнеркәсіптік өндіріс индексі (ӨӨИ) жылдық есептеуде 108,4%-ды құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен (0,3%) салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бұл өсім, негізінен, шикі мұнай мен табиғи газ өндіру көлемінің 11,4% артуымен байланысты, бұл өнімдердің салалық құрылымдағы үлесі 71,9%-ды құрады. Өсімнің негізгі көзі – Теңіз кен орнында өндірістің белсенді ұлғаюы болды, бұл Қазақстан экономикасының алғашқы алты айдағы өсу қарқынының жеделдеуіне елеулі үлес қосты.

2025 жылдың қаңтар–маусым айларында өңдеу өнеркәсібі, ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 11,9%, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5% артты. Бұл 2024 жылдың қаңтар–маусым айларындағы өсім қарқынынан (5,1%) сәл жоғары. Өсім, негізінен, саланың басты бағыттарындағы оң динамикамен қамтамасыз етілді. Ең үлкен үлес – азық-түлік өнімдерін өндіру (+10%) және машина жасау (+11,1%), олардың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі сәйкесінше 13,2% және 17,8%. Алайда, металлургия (өңдеу өнеркәсібінің 40,1%-ы) баяулау белгілерін көрсетуде: қаңтар–мамыр айларында өсім нөлге тең болды, ал алғашқы жартыжылдықта тек 0,1% ғана өсім көрсетті. Бұл өңдеу өнеркәсібінің жалпы өсіміне тежеу болуы мүмкін. Бұған қара металлургиядағы (құймадан басқа) өндіріс көлемінің 0,5% төмендеуі себеп болуы мүмкін, ал бұл сегмент металлургиялық өндірістің шамамен 25%-ын құрайды.

Энергетика саласында (электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен қамтамасыз ету) 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында өндіріс көлемі 0,5% ғана өсті. Бұл қаңтар–мамырдағы көрсеткішпен ұқсас. Мұның себебі – электр энергиясын өндіру, беру және тарату салаларында өсімнің болмауы және керісінше, бу, ыстық су және кондиционерленген ауамен қамтамасыз етудің 4,7% өсуі. Бұл кіші салалардың энергетика секторындағы үлесі сәйкесінше 72% және 25,6%.

Сумен жабдықтау және қалдықтарды кәдеге жарату секторы 2024 жылдың қаңтар–маусымында 0,7% төмендеген болса, 2025 жылдың сол кезеңінде 5,3% қысқарды. Бұл – суды алу, тазарту және тарату көлемінің 9,6%, ал қалдықтарды жинау және өңдеу көлемінің 2,7% қысқаруына байланысты. Бұл бағыттардың үлесі салада сәйкесінше 47,8% және 34,9%.

Жалпы, электр-, газ- және сумен жабдықтау салалары экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін базалық инфрақұрылым салалары болып табылады және олар экономикалық белсенділіктің көрсеткіші саналады. Бұл салаларда теріс немесе өте төмен өсім тіркелуі, ал ЖІӨ 6,2%-ға дейін жеделдеген кезде, мұндай күрт жеделдеудің тұрақты еместігін білдіруі мүмкін.

2025 жылдың қаңтар–маусым айларында Қазақстанның 17 өңірінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артты. Айтарлықтай өзгерісті Жамбыл облысы көрсетті. Бұл өңір 2024 жылдың алғашқы жартысында аутсайдерлер қатарында болып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7,4% төмендеген еді. Алайда 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында Жамбыл облысы өндірісте 20,6%-дық өсіммен алдыңғы қатарға шықты. Мұндай көрсеткішке жетудің басты себебі – қант өндірісінің күрт артуы болды. Қант өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 79% өсті. Қант – Жамбыл облысының өнеркәсіптік мамандануының негізгі өнімдерінің бірі, сондықтан оның өндірісінің белсенді өсуі өңірлік өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің артуына себеп болуы мүмкін.

Екінші орындағы Шымкент қаласында көрсеткіш 15,9%, ал СҚО-да 15% өсім тіркелді.

Алматы қаласы, Атырау мен Түркістан облыстарындағы өсім 10%-дан жоғары.

Жетісу, Алматы, Батыс Қазақстан оюлыстарында өнеркәсіп өсімі 7-8% аралығында болды.

Қарағанды облысында 5,7% болса, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Астана қаласы, Ақтөбе, Абай облыстарында көрсеткіш 1-3% аралығында ғана.

Қызылорда облысында мүлде өзгеріс жоқ, тура былтырғы көрсеткіш.

Ал Ұлытау (0,9%) және Шығыс Қазақстан облыстарында (8,8%) тіпті төмендеп кеткен.

Осылайша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда өнеркәсіптік өндіріс тұрақты өсімді көрсетті, әсіресе кен өндіру саласында, ол экономикалық өсудің негізгі көзі болып қалуда. Алайда, жылдың екінші жартысында Теңіз кен орнын жаңғырту жобасының аяқталуына байланысты осы саладағы өсім қарқыны баяулауы мүмкін, бұл өз кезегінде мұнай өндіру көлемінің азаюына, ал жалпы өнеркәсіп секторының өсіміне кері әсер етуі ықтимал.