Қаржы министрі  Мәди Такиев микро және шағын бизнестің айыппұл мен өсімпұлын кешіретін бұйрыққа қол қойды. Негізгі шарт – биыл наурыз айының соңына дейін бюджетке негізгі қарызды өтеу.

Жаңа ереже ресми түрде күшіне енді және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Кімдер айыппұлдардан босатылады?

Жеңілдік тек 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі. Мемлекет төмендегілерді кешіруге дайын:

  • жыл басындағы жағдай бойынша немесе бұрынғы қарыздарға кейін есептелген өсімпұл;
  • кәсіпкер белгілі бір салық түрі бойынша негізгі қарызды (берешекті) өтеген жағдайда, сол салық бойынша салынған айыппұл;
  • ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмей жұмыс істегені үшін салынған айыппұл (2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге).

Қалай жүзеге асады?

Айыппұл санкцияларын толық есептен шығару үшін кәсіпкер 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында негізгі салық берешегін толық өтеуі тиіс. Негізгі қарыз жабылғаннан кейін салық органдары тиісті өсімпұл мен айыппұлды есептен шығаруға міндетті.

Бұйрық күшіне енгеннен кейін екі күн ішінде өңірлік салық органдарында арнайы комиссия құрылады. Ол 31 наурызға дейін тексеріс жүргізіп, шарттарды орындап, қарызын жапқан кәсіпкерлерді анықтайды.

Тексеру аяқталған соң, салық органдары үш жұмыс күні ішінде айыппұлдарды есептен шығару туралы шешім қабылдап, оны салық төлеушінің жеке шотында көрсетеді.

Егер компаниялардың салық төлеу мерзімі банкроттық немесе оңалту рәсімдері аясында кейінге шегерілген болса, оларға да жеңілдік қарастырылған.

Олар 2026 жылғы 1 сәуірге дейін негізгі қарызды өтесе, өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады. Бұл үшін салық органына еркін нысанда өтініш беру қажет.