Қазақстан экономикасына инвестиция неге тарихи минимумға құлдырап кетті?

Қазақстан экономикасына инвестиция неге тарихи минимумға құлдырап кетті?

Kazakh Invest ұлттық компаниясы Қазақстанға салынған инвестицияның тарихи минимумға құлдырап кету себебін түсіндірді.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Қазақстан елге келетін тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) төмендеуіне тап болған. Жалпы ТШИ ағыны 2024 жылы жыл сайын 28,5% азайып, 17,2 млрд долларды құраған, бұл ретте 2,6 млрд АҚШ доллары көлеміндегі ТШИ таза теріс ағыны алғаш рет тіркелген.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) өзінің жыл сайынғы World Investment Report 2025 баяндамасын жариялады. Құжатта жаһандық тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) ағынының 11%, 1,5 трлн долларға дейіе төмендегені көрсетілген. Ең үлкен құлдырау дамушы елдер мен теңізге шығатын жолы жоқ елдерде байқалды.

UNCTAD деректеріне сәйкес, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 151 млрд доллардан астам таза ТШИ тартып, Орталық Азияда сенімді көшбасшы болып отыр. Екінші орында – Түрікменстан (44 млрд доллар), одан кейін – Өзбекстан (16 млрд доллар), Тәжікстан мен Қырғызстан шамамен 4 млрд доллардан кем.

2024 жылы Қазақстан алғаш рет таза ТШИ бойынша -2,6 млрд доллар теріс көрсеткіш көрсетті. Бұл бүкіл аймақтың жалпы статистикасына әсер етті. Бұл құлдырау бірнеше себептерге байланысты: жаһандық тұрақсыздық, геосаяси тәуекелдер, трансұлттық корпорациялардың инвестициялық белсенділігінің төмендеуі және бірқатар ірі жобалар бойынша капиталды қайтаруды ескеретін есептеу әдістемесі.

Маңызды атап өтетін жайт — таза ТШИ-дің теріс көрсеткіші негізінен осы жылы компаниялар бұрын қайта инвестицияланған кірістерін дивиденд ретінде акционерлерге төлеу үшін шешім қабылдағандықтан қалыптасты. Қазақстан мұндай инвесторлық шешімдерге ықпал ете алмайды, дегенмен бұл жағдай елімізде компаниялардың табысты жұмыс істеп, кіріс алып, оны қайта инвестициялап отырғанын көрсетеді, бұл өз кезегінде Қазақстанды халықаралық инвесторлар үшін тартымды етеді. Пайданың еркін бөліну мүмкіндігі де еліміздегі ашық әрі тұрақты экономикалық ортаға дәлел бола алады. Бұл үрдіс алаңдаушылық туғызатын емес, керісінше инвестициялардың белсенді кезеңінен табыс алу кезеңіне табиғи ауысуды көрсетеді. Қазақстан халықаралық инвесторлар үшін сенімді әрі тартымды алаң болып қала береді.

Айта кету керек, мұндай құбылыстар Қазақстанға ғана тән емес. 2024 жылы Ирландияда (-38,9 млрд доллар) және Швейцарияда (-60,7 млрд доллар) да теріс көрсеткіштер тіркелген. Алдыңғы жылдары Нидерландта (2023, -184 млрд доллар) және Люксембургте (2022, -316 млрд доллар) ұқсас жағдайлар болған. Бұл – экономикалық циклдер мен ірі компаниялар акционерлерінің шешімдеріне байланысты қалыпты құбылыс.

Сонымен қатар, UNCTAD баяндамасында Қазақстанға қатысты бірқатар оң үрдістер атап өтілген:

  • Қазақстан теңізге шығатын жолы жоқ елдер (LLDCs) арасында көлік саласына тартылған жаңа инвестициялық жобалар көлемі бойынша көшбасшы болды – 8 млрд долларға жуық сомаға 19 жоба.
  • Қазақстан аймақтағы ең ірі бес greenfield жобасының төртеуін жүзеге асыру туралы келісімге келді, соның ішінде Катарлық UCC компаниясының 5,5 млрд доллар газ қондырғысы және Қытайдың Fujian Hengwang компаниясының 1,8 млрд доллар болат зауыты.

БҰҰ-ның ЭСКАТО ұйымының деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан жаңа жобаларға тартылған инвестициялар көлемі бойынша Солтүстік және Орталық Азияда көш бастады – 15,7 млрд доллар немесе аймақтың барлық жаңа инвестицияларының 63%-ы, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 88% өсім.