Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) жазғы аймақтық экономикалық шолуын жариялады.
Биыл Қазақстанның ЖІӨ нақты өсімі 5%-ды құрайды. Сарапшылар осылай дейді. Сөздерінше, 2025 жылдың бірінші тоқсанында өсім 5,6%-ға жеткен. Бұл кезеңде ЖІӨ өсімінің негізгі қозғаушы күштері көлік және логистика, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс саласы болған. Соның ішінде, тау-кен өндіру саласы 6,1% өсім көрсетті. Бұған Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру көлемінің артуы, сондай-ақ көмір мен металл кендерін өндіру көлемінің ұлғаюы ықпал еткен. Құрылыс саласындағы оң динамика ірі мемлекеттік жол инфрақұрылымын жөндеу және салу жобаларының жүзеге асырылуымен қамтамасыз етілді.
«Қазіргі 5% өсім — бұл Қазақстанның әлеуетті мүмкіндіктеріне өте жақын көрсеткіш. Бірақ өсім құрылымы әзірге теңгерімді және орнықты деп айту қиын. Себебі экономикалық өсімге әсер етіп отырған факторлардың қатарында бюджет тарапынан ынталандыру шаралары және инвестициялардың жоғары болуы. Бірақ, бұл факторлар уақыт өте келе әлсіреуі мүмкін. Ал ондай жағдайда экономикалық өсімді қолдайтын басқа факторлар қажет болады. Бұл – ұзақмерзімді саясаттың мәселесі. Үкімет тек мемлекеттік секторда емес, сонымен бірге жеке секторда да тұрақты өсім қамтамасыз етуі керек. Уақыт өте келе өсім құрылымы өзгеріп, сапалырақ сипатқа ие болады», — дейді Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының бас экономисі Сергей Улатов.

Ал, инфляциялық өсім қарқынын бәсеңдетпей жатқанда ЕТДҚ жағымды болжам жасапты. Мәселелен, ақылы қызметтердің жылдық өсімі І тоқсанның соңына қарай 14,3%-ға дейін жеделдеді. Азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша өсім тиісінше 7,6% және 9,1% болады. Инфляциялық қысымның негізгі факторлары:
- Фискалдық ынталандыру саясаты мен белсенді несиелендіру аясындағы ішкі сұраныстың көбейіп кетуі;
- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформасы;
- Теңге әлсіреп бағаларға жанама әсер етуі;
- ҚҚС мен басқа да салықтардың көтерілуі жөніндегі мәлімдемелер.
Бірақ, биыл инфляция жыл соңына дейін 10,9% төңірегінде болса, 2026 жылдың аяғында 9%-ға төмендеуі мүмкін. Ал, 2027 жылы тіпті, 7,2% болады деген жағымды болжам жасап отыр Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры
«Жыл соңына қарай инфляция 10,9%-ға дейін жеделдейді деп күтілуде. Былтыр жылдың соңында бұл көрсеткіш 8,6% болған. Бұл қазіргі инфляцияның үдеуіне қарамастан, Ұлттық банк тарапынан қабылданып жатқан қатаң ақша-несие саясатының әсері болатынын білдіреді. Үкімет тарапынан да инфляцияны тежеуге бағытталған бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Осы әрекеттер экономикадағы инфляциялық қысымның біртіндеп бәсеңдеуіне ықпал етеді. Біздің 2026–2027 жылдарға арналған болжамымыз бойынша, инфляция одан әрі баяулайды», — дейді ЕТДҚ Қазақстан бойынша ел экономисі Ғалымжан Айтқазин.

Сарапшылар сонымен қатар, нарықтағы бағаны жасанды түрде реттеуден бас тарту қажет деп санайды. Мұндай саясат инвесторларды үркітеді екен. Өйткені баға төмен болса бизнес жүргізу кім-кімге болмасын тиімсіз. Экономиканы нарықтық әрі ашық ету қажет, сонда ғана инвесторлар қаржы құюға мүдделі болады.
«Экономикада қандай да бір жолмен бағаны ұстап тұрып, олардың еркін қалыптасуына жол бермей, төмен бағаны қолдау үшін қаржы жұмсау – бұл экономикалық әлеуеттің дамуын тежейді. Ең алдымен, мұндай жерге жеке капитал келмейді, ал бұл – үлкен мәселе, өйткені кез келген экономикалық өсім үшін қаржы қажет», – деді.
Сонымен қатар, ЕТДҚ шолуында Қазақстан ұлттық валютасының болашағы да айтылды. Онда теңге бағамы әлсірей береді деп болжанған. Сарапшылардың айтуынша, 2027 жылға қарай теңге бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 560 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін. Бұған сауда серіктес елдермен салыстырғанда инфляцияның жоғары болуы және Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттердің қысқаруы себеп болуы ықтимал.

«Қазақстандағы ақша-несие саясаты қатаң күйінде қалады және бұл инфляцияны орта мерзімді перспективада мақсатты дәлізге дейін төмендетуге бағытталады. Осы жағдай аясында біз базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін өзгеріссіз қалады деп болжап отырмыз. Ал валюта бағамына келсек, жыл соңына дейін ағымдағы деңгейде сақталады, 2026–2027 жылдары сәл ғана әлсіреуі мүмкін», — деді ЕТДҚ Макроэкономикалық болжау және зерттеу департаментінің басшысы Марина Гричик.