2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда қара шай тұтыну жан басына шаққанда орта есеппен 307 граммды құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5% төмен, ал биылғы қаңтар–наурыздағы көрсеткіштен 7% аз.

Статистикаға сүйенсек, бұл – кем дегенде кейінгі 14 жылдағы ең төменгі деңгей.

Ұзақмерзімді құлдырау

Кейінгі он жылда қара шайдың тұтыну деңгейі біртіндеп азайып келеді. Мәселен, 2015 жылдың маусымынан бері көрсеткіш 44% төмендеген.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай құлдырау тұрғындардың талғамының өзгеруімен қатар, нарықтағы балама сусындардың артуымен де байланысты.

Жасыл шай мен кофе тренді

Қара шайдың орнын жасыл шай басты деуге толық негіз жоқ. Оның тұтынуы тарихи минимумға жетпесе де, ең жоғарғы деңгейден төмен қалып отыр.

Ал кофе нарығында жағдай басқа: ресми деректер тек еритін кофеге қатысты болса да, соңғы жылдары оның тұтынуы тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл қазақстандықтардың кофеге бет бұра бастағанын жанама түрде көрсетеді.