Қазақстандағы электромобильдер мен гибридтердің нарығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде ел жолдарында тек дәстүрлі бензинмен жүретін көліктерді ғана емес, сонымен қатар заманауи экологиялық таза автокөліктерді де кездестіруге болады. Көбірек адам «жасыл» көлік сатып алу туралы ойлана бастады – мейлі ол автосалондағы жаңа көлік болсын немесе жүрілген, қолданыста болған нұсқа болсын. Дегенмен, сатып алушыларды жиі мазалайтын сұрақ: қайталама нарықтан электромобиль немесе гибрид сатып алу тиімді ме? Бұл сұраққа OLX Қазақстан аналитикалық қызметінің деректеріне сүйене отырып жауап іздейміз.
Нарықта қандай үлгілер ұсынылған
Деректерге сәйкес, сатылымда барлығы шамамен 419 хабарландыру орналастырылған. Ең үлкен үлес Hyundai және Kia маркаларына тиесілі – бұл брендтер дәстүрлі іштен жану қозғалтқышы бар көліктер нарығында да, гибридтер сегментінде де көшбасшы саналады. Қазақстандағы электромобильдер мен гибридтердің екінші нарығы әзірге негізінен корейлік брендтердің айналасында қалыптасып отыр, алайда қытайлық өндірушілер де қарқынды түрде ілесе бастаған.
Hyundai ұсыныстар саны бойынша алда тұр – 240 хабарландыру (көбіне жағдайы «өте жақсы» немесе «жақсы» деп көрсетілген). Одан кейін Kia – 140 хабарландыру, мұнда жағдайы «өте жақсыдан» «жөндеуді қажет етедіге» дейін көрсетілген. Қытайлық брендтердің үлесі әзірге аздау болса да, өсіп келеді: Chery – 18, BYD – 17 ұсыныс. Ал сирек кездесетін маркалар қатарында Li және премиум санатындағы Zeekr бар – бірлі-жарым хабарландырулар ғана болғанымен, олардың болуы нарықтың біртіндеп кеңейіп, алуан түрлі бола бастағанын көрсетеді.
Қайталама нарықтағы бағалар
Баға айырмашылығы едәуір кең және ол көліктің жағдайына да, брендіне де байланысты.
Hyundai Santa FE орташа бағасы шамамен 15 млн теңге.
Kia Sorento – орта есеппен 16 млн теңге.
Қытайлық Chery және BYD бағалары анағұрлым құбылмалы: Chery – шамамен 8,6 млн теңге, BYD – 8,4 млн теңге.
Жоғарғы сегментте – Li және Zeekr, олардың бағасы 20–25 млн теңгеге жетеді, бұл оларды элиталық ұсыныстар қатарына қосады.
Жүрген қашықтық: мұндай көліктер қанша «жүреді»
Сатып алушылар үшін маңызды көрсеткіштердің бірі – жүріс қашықтығы. Hyundai және Kia әдетте 160-185 мың км аралығында жүрілген күйде сатылады.
Chery мен BYD болса, айтарлықтай аз жүріске ие – шамамен 50-70 мың км. Бұл олардың нарыққа жақында ғана шыққанымен түсіндіріледі.
Премиум маркалар (Li және Zeekr) көбінесе жүрісі жоқ дерлік көліктер ретінде кездеседі, бұл оларды тартымдырақ етеді, бірақ бағасы да жоғары.
Бұл қытайлық көліктер сирек кездескенімен, жаңа күйінде ұсынылатынын аңғартады.
Электромобиль немесе гибридті қайталама нарықтан алудың артықшылықтары
1. Бағасы жаңа үлгілерден әлдеқайда төмен. Автосалонда жаңа электромобиль қымбат тұрады, бірақ бірнеше жылдан кейін бағасы төмендеп, қайталама нарықта тиімді ұсыныстарға жол ашады.
2. Жабдықталу нұсқаларының әртүрлілігі. OLX.kz сайтында қарапайым базалық үлгілерден бастап, автосалонда әлдеқайда қымбат тұратын кеңейтілген опциялары бар нұсқаларға дейін табылады.
3. Гибридтер – тиімді ымыралы шешім. Егер зарядтау инфрақұрылымына сенім аз болса, гибридтер жанармай шығынын азайтып, практикалық тұрғыдан қолайлы нұсқа болып қала береді.
Қолданыста болған электромобильді алу тиімді ме?
Сонымен, жүрілген электромобиль немесе гибрид сатып алу керек пе? Егер күнделікті пайдалануға ыңғайлы әрі сенімді көлік ізделсе, корейлік маркаларға назар аударған жөн – оларды күтіп–баптау жеңіл, әрі нарықтағы ұсыныстары тұрақты. Ал егер жаңа технология мен аз жүрісті автокөлік қызықтырса, қытайлық брендтер назар аударуға тұрарлық, бірақ белгілі бір тәуекелдері бар. Ал қымбат Li және Zeekr көліктері үнемдеуден гөрі имиджді жоғары қоятындар үшін қолайлы.
Қазақстандағы электромобильдер мен гибридтердің екінші нарығы бүгінде сатып алушыға таңдау жасауға мүмкіндік беретін деңгейге жетті. Тәуекелді азайтудың жалғыз жолы – батарея жағдайын, жүріс қашықтығын және сервистік тарихын мұқият тексеру. Сәтті таңдалған жағдайда, қолданыста болған электромобиль сәнді үрдіс қана емес, ақшаны үнемдеуге әрі жаңа деңгейдегі жайлылықты сезінуге нақты мүмкіндікке айналады.