2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Қазақстан отын-энергетикалық кешен мен жер қойнауын пайдалануды қаржыландыру тәсілін қайта қарайды, деп жазады Ален Серік.
2025 жылмен салыстырғанда шығындардың динамикасы күрт төмендейді: 2025 жылы 110,9 млрд теңгеден 2026 жылы 109,5 млрд теңгеге, 2027 жылы 76 млрд теңгеге және 2028 жылы бар-жоғы 17,7 млрд теңгеге дейін азаяды.
Бұл тек сандардың қысқаруы ғана емес. Бұл — басымдықтар құрылымының өзгеруі: ірі инфрақұрылымдық инвестициялардан нысаналы жобаларға, цифрландыруға және бұрын басталған бағдарламаларды аяқтауға көшу.
Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану
2026–2028 жылдары осы бағытқа 24,5 млрд теңге бөлінеді, оның ішінде 2026 жылы – 8,08 млрд, 2027 жылы – 7,87 млрд және 2028 жылы – 8,51 млрд теңге.
Басты мақсат – бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру және геологиялық барлау деректерінің ашықтығын арттыру. Бұл шаралар елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және аумақтың геологиялық зерттелу деңгейін көтеруге бағытталған.
Бұған дейінгі (2025–2027 жылдарға арналған) бюджетте осыған ұқсас мақсаттарға 29,9 млрд теңге көзделген еді, яғни қазіргі жоспардан жоғары. Ол кезде басты назар архивтерді цифрландыруға, бастапқы және екіншілік деректерді Жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасы (ЖҚБП) аясында біріктіруге және жерасты сулары мен геологиялық процестердің жай-күйін бүкіл ел бойынша бақылауға аударылған болатын.
Жобалар мынаны қамтыды: жерасты суларының режимін зерттеу бойынша 17 өтпелі және 16 жаңа нысан; су кадастрын жүргізу және жер сілкінісінің алдын ала белгілерін бақылау; 50 иесіз гидрогеологиялық ұңғыманы жою.
Осылайша, жаңа үшжылдық кезең табиғи ресурстарды цифрлық трансформациялау мен жүйелі бақылау бағытын жалғастыра отырып, шығындарды оңтайландыруға басымдық береді.
Газ тасымалдау жүйесін дамыту
2026–2027 жылдары бұл бағытқа 35,9 млрд теңге бөлінеді — бұл алдыңғы бюджетпен (91,8 млрд теңге) салыстырғанда екі жарым есе аз.
2026 жылы он жобаға – 17,95 млрд теңге, ал 2027 жылы сегіз жобаға – 17,96 млрд теңге қарастырылған.
Салыстыру үшін, 2025 жылы 28 жоба іске асыру жоспарланған болатын, оған 64,7 млрд теңге бөлінді. Бұл 51,5 мың адам мен үш ауылдық елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік беретін еді.
Газдандыру деңгейі кезең-кезеңімен артады: 2025 жылы – 62%, 2026 жылы – 63,9%, 2027 жылы – 64%.
Өсім шағын болғанымен, тұрақты сипатқа ие. Мемлекет ірі инфрақұрылымдық кезеңдерді аяқтап, енді жергілікті жобаларды қолдауға және магистральдық желілерді толықтыруға көшіп отыр.
Жылу және электр энергетикасын дамыту
Жаңа үшжылдық бюджетте бұл секторға арналған шығындар өседі — 80,1 млрд теңге, бұл алдыңғы бюджеттен (33,2 млрд теңге) екі есе артық. 2026 жылы төрт жобаны жүзеге асыруға 39,5 млрд теңге, 2027 жылы сегіз жобаға 40,6 млрд теңге бөлінеді. Басты басымдық – елдің барлық өңірін үздіксіз электрмен қамтамасыз ету. Жоспарға сәйкес, 2026 және 2027 жылдары электр энергиясымен қамту деңгейі 100% болады.
Қаражаттың басым бөлігі жылу және электр энергетикасы саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға трансферттер түрінде бөлінеді.
Бұл бағыт 2025 жылы басталған саясаттың жалғасы: сол жылы осындай трансферттер ел бойынша тоғыз ірі нысанды жаңғыртуға мүмкіндік берген еді.
Мемлекеттік басымдықтардың өзгеруі
2025 жылмен салыстырғанда, жаңа бюджет құрылымы мемлекеттің саясатындағы басымдықтардың ауысқанын көрсетеді: инфрақұрылымдық өрлеуден активтерді ұтымды басқаруға көшу; жаппай құрылыс қарқынынан жаңғырту мен цифрландыруға көшу; қамту аясын кеңейтуден қолданыстағы желілердің тұрақты қызметіне көшу.
Егер 2025 жылы басты назар жылдам өсім мен қамтуға бағытталса, 2026–2028 жылдары басты міндет — жобаларды аяқтау және салынған жүйелердің тиімділігін арттыру.
«Отын-энергетикалық кешен және жер қойнауын пайдалану» тобы бойынша жалпы шығын көлемі 2028 жылға қарай шамамен алты есеге қысқарады — 110,9 млрд теңгеден 17,7 млрд теңгеге дейін.
Алайда бұл қысқару бас тарту емес, құрылымдық қайта құруды білдіреді: геологияны цифрландыру, жер қойнауын пайдаланудың ашықтығын арттыру, шығындарды оңтайландыру және инфрақұрылымдық базаны нығайту.
Қазақстанның отын-энергетикалық кешені кеңею кезеңінен ұтымды басқару кезеңіне өтуде. Алдағы үш жылда Үкімет газдандырудың негізгі жобаларын аяқтап, энергетикалық қауіпсіздік пен геологиялық деректерді цифрландыруға баса назар аударады. Фокус инвестициялар көлемінен ресурстарды басқару сапасына ауысады — бұл қадам сектордың ашықтығын, тиімділігін және тұрақтылығын арттыруға тиіс.