Клубтың жаңа иесі – Integra Construction KZ компаниясының иесі, қазақстандық ірі кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп. Компания бүгінде елдегі ең ірі компаниялар тізімінде 12-орында тұр.
Жазғы трансферлік кезеңде клуб құрамды едәуір күшейтіп, маусымға жоғары мақсаттар қояды деп күтілуде, деп жазады goal.kz.
Айта кетейік, бұған дейін жекеге өтсе де футбол клубтары әлі бюджеттен ақша алып отырғанын жазған едік.
Бұған дейін Атырау футбол клубы жекеменшікке өтті. Батыс өңірдегі ірі логистикалық Ақ-Руно компаниясының иесі Әлімбек Мұқанов клубты сатып алу бойынша құжатты рәсімдеуді бастап кеткен.
Оған дейін Қарағандының «Шахтер» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды.
Сондай-ақ «Елімай» футбол клубы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.
Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады.
«Қайсар» футбол клубы да жеке басқаруға берілді. «Алдағы уақытта «Қайсар» футбол клубын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданып, клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда», – деп жазды клуб өкілдері.
Сонымен қатар Астана футбол клубына да инвестор табылғаны хабарланды, бірақ туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов инвесторлардың бар екенін, алайда рәсімдер толық аяқталғанға дейін олардың атын атай алмайтынын айтты.