Жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнес қызметіне теріс әсерін азайту мақсатында оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын басы артық шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды. Тыйым салынған тізімде, қолданыстағы заңнамадағыдай, тек 44 қызмет түрі сақталады.

Одан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіледі, бұл микро және шағын бизнеске қатысты келесі жайттарды көздейді: салықтық тексерулер алынып тасталады; камералдық бақылау алынып тасталады; сот органдарына мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады; сот органдарына тіркеуді, қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады.

Салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылады.

ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Сондай-ақ салық төлеушілер үшін салық және әділет органдарында камералдық және салықтық тексерулер жүргізбей-ақ, оңайлатылған тәртіппен есептен шығару науқаны өткізіледі.

Бұл жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

«Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет ағымдағы экономикалық реформалар аясында бірқатар шаралар әзірледі. Соның ішінде салықтық әкімшілендіру бойынша оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдау үшін тек 44 қызмет түрін ғана тыйым салынған тізімде қалдырылды. Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіледі. Бұл микро және шағын бизнеске қатысты келесі жайттарды көздейді: камералдық бақылау алынып тасталады, салықтық тексерулер жүргізілмейді, сот органдарына тіркеуді, қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады. Салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылады. ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асып кеткен салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.  Сондай-ақ салық төлеушілер үшін салық және әділет органдарында камералдық және салықтық тексерулер жүргізбей-ақ, оңайлатылған тәртіппен есептен шығару науқаны өткізіледі. Бұл жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді»,  — деді ҚР қаржы министрі Мәди Такиев.

Айта кетсек, Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту бағытында шаралар қабылдап жатыр. Премьер-министр Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен мемлекет басшысының азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді. 

17 қазанда президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаевтың Премьер-министр Олжас Бектеновке осы аптаның соңына дейін азаматтардың мүддесін ескере отырып, Үкіметтің экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру үдерісін реттеуге қатысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырғанын айтты. Үкіметке шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған түзетулер енгізіп, қажетті шешімдер қабылдау міндеті жүктелді.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі параметрлері Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді, сонымен қатар онда жаһандық конъюнктура мен қазіргі нарықтық үрдістер ескерілген деп санайды», – деп жазған еді Руслан Желдібай.