Автор: Арслан Аронов, Halyk Finance Талдау орталығы
Қазақстанда мемлекеттік сектордағы жалақы өсімі жекеменшік секторға қарағанда баяу жүріп жатқан тұрақты үрдіс байқалуда. 2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, елдегі жалдамалы жұмысшылардың атаулы жалақысы 2023 жылмен салыстырғанда 11,6% өсті. Негізгі әлеуметтік салаларда жалақы өсімінде айтарлықтай айырмашылық болды. Мәселен, білім беру саласында жалақы 11,9% артса, денсаулық сақтау саласында бұл көрсеткіш небәрі 6,8%-ды құрады. Бұл жағдай жалақы өсімінің теңсіздігін көрсетеді, әрі мұндай үрдіс алдыңғы жылдары да байқалған болатын.
2024 жылы мемлекеттік сектордағы жалақы жылдық есеппен 11% өсті, ал жекеменшік және шетелдік компанияларда өсім сәл жоғары – 13%-ды құрады. Сонымен қатар, мемлекеттік сектордағы жалақы жеке және шетелдік компаниялармен салыстырғанда әлі де төмен деңгейде қалып отыр: 2024 жылдың қорытындысы бойынша айырмашылық тиісінше 32% және 101%-ды құрады. Алайда бұл үрдіс үш ауқымды салаға – білім беру, мемлекеттік басқару және денсаулық сақтауға – қатысты емес, себебі бұл салаларда мемлекеттік сектордағы жалақы жеке секторға қарағанда айтарлықтай жоғары.
2022 жылы ірі компанияларда (100-ден астам қызметкері бар) мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндердің үлесі 48,6%-ға жетті (2021 жылы – 46,7%), ал жеке және шетелдік кәсіпорындарда бұл көрсеткіш тиісінше 44,5% және 6,9%-ды құрады. Бұрын айтылғандай, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару – мемлекеттік сектордың негізгі өкілдері. Қызметкерлер бұл салалардағы мемлекеттік мекемелерді таңдайды, әсіресе жоғары жалақы мен әртүрлі жеңілдіктердің болуына байланысты. Соның нәтижесінде 2023 және 2024 жылдары мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтіндердің үлесі тиісінше 49,6% және 51,1%-ға дейін өсті. Бұл үш саланың ықпалы үлкен, себебі жалдамалы қызметкерлердің 52%-дан астамы осы салаларда еңбек етеді, олардың 83,3%-ы – мемлекеттік компанияларда жұмыс істейді.
Еңбек нарығын дамытудың тұжырымдамасында «қарапайым заттар экономикасынан» «күрделі экономикаға» көшу міндеті қойылған. Онда технологиялық жағынан озық тауарлар өндірісі басым болып, экономика адами капиталға негізделуі тиіс. Бұған дейін айтқанымыздай, бұл өте орынды мақсат, және оны дұрыс жүзеге асыру табыс пен еңбек өнімділігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Алайда тұжырымдаманың келесі бөлімдерінде бұл мақсатпен үйлеспейтін, ескірген әрі тиімсіз тәсілдер ұсынылады. Мұнда индустрияландыруға қайта оралу мәселесі көтеріледі – оған бағытталған көптеген бағдарламалар жүзеге асырылды, бірақ олар экономиканы күрделендірген жоқ, жаңа жұмыс орындарын құрмады, өнімділікті арттырмады.
Тұжырымдамада көрсетілген адами капитал сапасын арттыру, оны еңбек ресурстарына деген нақты сұраныс пен ұсынысқа сәйкестендіру, әртүрлі салаларда сапалы жұмыс орындарын құру сияқты нысаналы шаралар маңызды болуы мүмкін, алайда оларды жүзеге асыруда мемлекет пен оның жоспарлы тетіктерінің басымдығы сақталады. Бұған қоса, мемлекет тарапынан бизнесті қолдау тәсілдері де, біздің ойымызша, ұзақ мерзімді тиімділік пен нарықтық қағидаттарға сай келуі тұрғысынан қайта қарауды қажет етеді. Қазіргі қолдау шаралары – субсидиялар мен преференциялар – оң әсер бергенімен, кей жағдайларда кәсіпорындардың өз бәсекеге қабілеттілігін арттыруға деген ынтасын төмендетуі мүмкін, әсіресе еңбек өнімділігін арттыру бағытында.
Сонымен қатар, нәтижелілікке бағытталмаған мемлекеттік қолдау бизнесте тұрақты мемлекеттік көмекке деген үмітті қалыптастыру қаупін тудырады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік сектордың бастамашылдығын, инновацияларын және өзіндік дамуын тежейді. Осыған байланысты мемлекеттік саясаттың басымдықтарын нарықтық инфрақұрылымды дамытуға, адами капиталға инвестиция тартуға, ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларға және ҒЗТКЖ (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) бағдарламаларына бағыттау орынды болмақ. Мұндай тәсіл бизнес тұрақтылығы мен өнімділігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар теңгерімді әрі бәсекеге қабілетті экономиканың іргетасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндердің саны артып келеді, бұл ел бюджетіне айтарлықтай қысым түсіруде. Шығындардың едәуір бөлігі мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің еңбекақысын төлеуге бағытталады. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет экономикадағы рөлін кезең-кезеңімен қайта қарауы қажет деп есептейміз. Ең алдымен мемлекеттік меншіктің ауқымын қысқарту, бақылау және реттеуші органдарды оңтайландыру, сондай-ақ қоғамдық қызметтер көрсетуге, ең алдымен білім беру мен денсаулық сақтау салаларында, жекеменшік сектордың қатысуын кеңейту керек. Бұл салаларды біртіндеп бәсекеге қабілетті нарықтық негізге көшіру қызмет сапасы мен тиімділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені де азайтады. Мұндай реформалар нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер саны қысқарады, және ең бастысы – ең білікті әрі тиімді мамандардың жалақысын мақсатты түрде арттыруға мүмкіндік беретін ресурс пайда болады.