Қазақстанда электронды коммерция саласына салықтық бақылау күшейтілуде. Мемлекеттік кірістер органдары 23 маркетплейстен сатып алулар туралы мәліметтерді алып, оларды азаматтардың салық декларацияларымен салыстыруды бастайды.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, онлайн-сауда алаңдарының иелері әр ай сайын, 5-нен кешіктірмей, мемлекеттік органдарға сатылған тауарлар, көрсетілген қызметтер және қазақстандық сатушыларға жасалған төлемдер туралы ақпарат ұсынуға міндетті.
Қазіргі таңда 23 маркетплейс бұл талапты орындап, қажетті деректерді салық органдарына жолдаған. Берілген мәліметтерде сатушылар туралы ақпарат, сатылған өнімдер мен қызметтер, сондай-ақ төлемдер туралы толық дерек қамтылған.
Салық есептілігін тапсыру кезеңі аяқталғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары камеральдық бақылау жүргізеді. Яғни маркетплейстер ұсынған ақпарат пен азаматтардың декларацияларындағы деректер салыстырылады.
Егер сәйкессіздіктер анықталса, салық төлеушілерге бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберіледі. Бұл шаралар онлайн-сауданың ашықтығын арттыруға және көлеңкелі айналымды азайтуға бағытталған.