Келесі жылы доллардың орташа бағасы 490 теңге болады — сарапшылар

Қазақстан Ұлттық банкінің кезекті макроэкономикалық сауалнамасына қатысқан сарапшылар инфляция мен теңге бағамына қатысты болжамдарын жақсартты. Атап айтқанда, 2026 жылы доллар бағамы 472 теңге болады деп күтілуде. Бұл алдыңғы болжамнан 7 теңгеге төмен.

Ұлттық банктің сауалнамасына сәйкес, сарапшылар 2026 жылдың қорытындысында инфляция 9,1% болады деп болжайды. Бұған дейінгі бағалау 9,5% болған. 2027 жылға арналған инфляция болжамы да 8,3%-дан 8%-ға дейін төмендеді. Ал 2028 жылға арналған болжам 6,9%-дан 7%-ға дейін сәл өсті.

Теңге бағамына қатысты күтулер де ұлттық валютаның нығаюы жағына қарай өзгерді. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылдың соңында 1 доллар 472 теңге болады. Бұған дейінгі болжам – 479 теңге.

2027 жылға арналған бағам болжамы 499,6 теңгеден 489,8 теңгеге, ал 2028 жылға арналған болжам 527,1 теңгеден 510,4 теңгеге дейін төмендетілді.

Мұнай бағасына қатысты болжам керісінше өсті. Сарапшылар 2026 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасын барреліне 93,3 доллар деп бағалап отыр. Бұған дейінгі болжам 88,4 доллар болған.

Ал Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне қатысты күтулер айтарлықтай өзгерген жоқ. Сарапшылар 2026 жылдың соңында мөлшерлеме 15,8%, ал 2027 жылдың қорытындысында 13,4% болады деп күтеді.